Екпін

Екпін — сөйлем ішіндегі кейбір сөздердің немесе сөз ішіндегі кейбір буын, дыбыстардың басқа тілдік бөліктерден ерекшеленіп, көтеріңкі айтылуы.[1]

Екпін сөз екпіні, ой екпіні, тіркес екпіні, дыбыс екпіні деп бөлінеді.

  1. Сөз iшіндегі бір буынның көтеріңкі айтылуы сөз екпіні деп аталады. Қазақ тілінде сөз екпіні, негізінен, соңғы буынға түседі. Мысалы: Бала далада ойнап жүр. Сөз ішіндегі екпін дауысты дыбысқа түседі.
  2. Ой екпіні — сөйлемдегі бір сөздің көтеріңкі дауыспен айтылуы. Ой екпіні түсетін сөз көбінесе баяндауыштың алдында тұрады. Ой екпіні тұрақты емес. Мысалы, Бүгін әкем ауылға кетті. Әкем ауылға бүгін кетті. Бүгін ауылға әкем кетті.
  3. Тіркес екпіні — бірнеше сөздің тіркесе, тізбектеле біртұтас екпінмен бөлектене айтылуы. Бұл көбінесе күрделі сөздерге, негізгі және көмекші сөздердің тіркесіне тән. Мысалы: мектепке дейін, әке-шеше, әдет-ғұрып т.б.
  4. Дыбыс екпіні — сөз ішінде дыбыстың бөлектеніп, көтеріңкі дауыспен немесе созып айтылуы. Мысалы: по-ой-па-ай, та-ма-ша! Дыбыс екпіні көңіл-күйін білдіретін сөздерді айтуда жиі қолданылады. Айтылуда сөйлеушінің эмоциясын білдіреді.[2]

Дереккөздер