Коммуналдық гигиена

Коммуналдық гигиена – елді мекен гигиенасы, яғни елді мекен жағдайында табиғи және антропогендік факторлардың адамға әсерін зерттейтін және халықтың сау, қолайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз ететін шаралар мен қалыптарды (нормаларды) дайындайтын ғылым.

Коммуналдық гигиена ғылымының даму тарихы

Коммуналдық гигиенаның жеке ғылым ретінде пайда болуына көп уақыт өтпесе де, оның қалыптасуы адам іс-әрекетінің дамуымен тікелей байланысты. Алғашқы (ертедегі) қауымдық құрылыстың өзінде-ақ отты пайдаланғанда атмосфераға көп мөлшерде кемір тотығы, түтін, күл бөлінгені белгілі болды. Осындай заттардың қоршаған ортаны ластайтыны ерте кезде-ақ байқалған. Бірнеше жүз жыл бұрын Гиппократ елді мекендерді қарапайым түрде жоспарлау мәселесін көтерген, ал XIII-ғасырда Англия королі Эдуард I көмірді отын ретінде пайдалануға тыйым салып, оны орындамағандарды өлім жазасымен қорқытқан. Оңтүстік Қазақстанның аумағында XI ғасырға тән ежелгі су құбыры табылған. Петр І-ші беткейлік ағынды суларды ағызу туралы үкім шығарса, ал Мюнхен қаласының санитарлық дәрігері Макс Петтенкофер тұрғын ғимараттары гигиенасы және сумен қамтамасыз ету гигиенасының мәселелерімен кеңінен айналысқан.

  • Алғашқы санитарлық бюро 1876 жылы Мәскеу земствосында, ал екіншісі 1878 жылы Петербургта құрылды.
  • 1918 жылдан бастап денсаулық сақтау басқармасының ұйымдарында санитарлык-эпидемиологиялық бөлімдер құрыла бастады.
  • 1922 жылдың қырқүйек айында "Республиканың санитарлық мекемелері туралы" декрет шықты. Бүл декрет осы қызметтің міндеті мен бағытын анықтады және санитарлық-эпидемиологиялық мекемелерді құрудың бастамасы болды. Осы жылы Гомельде бірінші Кеңестік санитарлық станса ұйымдастырылды. 1927 жылы Украинада санитарлық– эпидемиологиялық мекеме, ал 30-шы жылдардың басында басқа да Одақтас республикаларда құрылды.
  • 1927 жылы санитарлық-эпидемиологиялык қызметтің құқы мен міндеті туралы ереже бекітілді.
  • 1940 жылы КСРО-да 1958 санитарлық-эпидемиологиялық қызмет іске қосылды, 1946 жылы олардың саны өсе бастады, 1988 жылы 4572-ге жетті. 1933 жылы Мемлекеттік санитарлық инспекция құрылды.[1]

Коммуналдық гигиена бағыттары

1. Елді мекендерді сумен қамтамасыз ету гигиенасы

  • Ауыз судың гигиеналық маңызы және елді мекенді сумен тиімді қатамасыз ету.
  • Ауыз суға қойылатын гигиеналық талаптар. Санитарлық заңдылық.
  • Ауыз сумен қамтамасыз ететін су көздерін гигиеналық бақылау және таңдау.
  • Ауыз суды дайындау әдістерін гигиеналық бақылау.

2. Су нысандарын санитарлық қорғау

  • Су нысандарын қорғау мәселесінің қазіргі кездегі жағдайы.
  • Су нысандарындағы химиялық заттарды гигиеналық нормалау.
  • Қалалық ағынды сулардың түзілу жағдайы, оларды тазарту және залалсыздандыру.
  • Өндірістік ағынды сулардың гигиеналық сипаттамасы. Су нысандарындағы санитарлық бақылау.
  • Емдеу мекемелерінің ағынды суларын тазарту жане залалсыздандыру.
  • Су нысандарындағы химиялық ластаушы заттардың биологиялық трансформациясы.

3. Жер қыртысын санитарлық қорғау және елді мекендерді тазарту

4. Елді мекен жағдайындағы физикалық факторлардың гигиеналық маңызы

5. Елді мекендерді жоспарлау гигиенасы

  • Қаланы жоспарлау мен көркейтудің гигиеналық негіздері.
  • Ауылдық елді мекендерді жоспарлау гигиенасы.

6. Атмосфералық ауаны санитарлық қорғау.

  • Атмосфералық ауаның гигиенасы. Атмосфераның құрылысы.
  • Атмосфералық ауаның ластануының халық денсаулығына әсері.
  • Атмосфералық ауадағы зиянды заттарды гигиеналық нормалау.
  • Атмосферадағы ластаушы заттардың таралу заңдылықтары. Атмосфералық ауаны қорғау шаралары.

7. Тербелісті және қоршаған ортадағы электромагниттік сәулеленуді гигиеналық бағалау.

8. Қоршаған орта және табиғи радиация

9. Тұрғын ғимараттар мен құрылымдардың гигиенасы

  • Орта факторларын нормалаудың гигиеналық негіздері.
  • Тұрғын ғимараттардың жоспарлануы мен құрылысын санитарлық бақылау.
  • Қызмет көрсету мекемелерінің гигиенасы.

10. Емдеу-профилактикалық мекемелерін жоспарлау мен жабдықтаудың гигиеналық негіздері

  • Аурухана ішілік инфекцияның алдын алу.

Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің негізгі құрылымдары мен саннаттары

Санитарлық–эпидемиологиялық қызметтің негізгі құрылым бірлігі санитарлық–эпидемиологиялық станса (СЭС) болып табылады.

Қызмет көрсететін аумақта тұратын халықтың санына байланысты СЭС-лар бірнеше санатқа бөлінеді:

  • қызмет көрсететін аумағындағы халықтың саны 60 мыңнан артық болса – 1-ші санат;
  • қызмет көрсететін аумағындағы халықтың саны 30 мыңнан 60 мың аралығында болса – 2-ші санат;
  • қызмет көрсететін аумағындағы халықтың саны 30 мыңға дейін болса – 3-ші санат.

Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық стансалар үш санатқа бөлінеді:

  • қызмет көрсететін аумағындағы халықтың саны 300 мыңнан артық болса – 1-ші санат;
  • халықтың саны 200–300 мың аралығында болса – 2-ші санат;
  • халықтың саны 100–200 мың аралығында болса – 3-ші санат.

Аудандарға бөлінетін қалалық СЭС үш санатқа бөлінеді:

  • халықтың саны 600–800 мың аралығында болса – 1-ші санат;
  • халықтың саны 400–600 мың аралығында болса – 2-ші санат;
  • халықтың саны 400 мыңға дейін болса – 3-ші санат.

Облыстық және республикалық СЭС-тар төрт санатқа бөлінеді:

  • халықтың саны 2 млн болса – 1-ші санат;
  • халықтың саны 1–2 млн аралығында болса – 2-ші санат;
  • халықтың саны 500 мыңнан 1 млн-ға дейін болса – 3-ші санат;
  • халықтың саны 500 мыңға дейін болса – 4-ші санат.

Санатқа байланыссыз барлық СЭС-лар үш бөлімнен тұрады:

  • санитарлық–гигиеналық;
  • эпидемиологиялық;
  • дезинфекциялық (ауылдық СЭС-тарда дезинфекциялық бөлімше).

Республикалық, облыстық СЭС-ларда аса қауіпті жұқпалы аурулар бөлімі жұмыс істейді. Барлық СЭС-тің санитарлық–гигиеналық бөлімі (ауылдық СЭС-ті есептемегеңде) төрт салалық бөлімшені қамтиды:

  • коммуналды гигиена, еңбек гигиенасы, тамақтану гигиенасы, балалар мен жасөспірімдер гигиенасы.

Сонымен қатар республикалық және облыстық санитарлық–эпидемиологиялық стансалардың санитарлық–гигиеналық бөліміне радиологиялық топ кіреді.Республикалық, облыстық, аудандық санитарлық–эпидемиологиялық стансалардан басқа су көлігінде бассейіндік, порттық, линиялық СЭС-тар бар. Байланыс жолдары, азаматтық авиация, ішкі істер, қорғаныс министрліктерінің нысандарына осы аталған ведомствалардың медицина қызметі бақылау жүргізеді.

Санитарлық–эпидемиологиялық қызметтің дамуындағы маңызды мәселенің бірі СЭС-тардың лабораториялық базаларын нығайту болып табылады. Қазір қоршаған орта факторларының халық денсаулығына әсерін зерттеу СЭС-тің өте маңызды жұмысы болып отыр. Бұл үшін көптеген өндірістік қалаларда "Автоматтандырылған мемлекеттік ақпарат жүйесі" дайындалып іске асырылуда. Санитарлық–эпидемиологиялық қызметте адамның әр түрлі шаруашылық іс-әрекеттерін шектейтін гигиеналық нормалар мен ережелер кешені басшылыққа алынады.

Құрылымдар міндеттері

Санитарлық–эпидемиологиялық стансалар атқаратын іс-шаралар:

  1. Коммуналды гигиена мәселелері бойынша жергілікті мекеменің шешімдерінің жобаларын, сондай-ақ денсаулық сақтау мекемелерінің бұйрықтарының жобаларын өндеп, қарастырады.
  2. Профилактикалық және санитарлық эпидемияға қарсы шаралардың бір жылдық және келешектегі жоспарларын жасайды, қажетті ұйымдармен бірге санитарлық сауықтыру шараларының жоспарларын даярлауға қатысады.
  3. Бақылау жүргізілетін нысандардың санитарлық жағдайын одан әрі жақсарту жөніндегі жоспарын жасайды және де қажетті ұйымдармен бірге санитарлық сауықтыру шараларының жоспарларын даярлауға қатысады.
  4. Халықтың өмір сүруіне қолайсыз жағдай туғызатын қоршаған ортаны ластайтын көздерді, шудың, тербелістің, электромагниттік сәулеленудің тағы да басқа зиянды факторлардың көздерін анықтайды.
  5. Демографиялық, әлеуметтік-гигиеналық факторларды және халықтың денсаулығы мен өмір сүру жағдайына қоршаған орта факторларының зиянды әсерін зерттейді.
  6. Коммуналдық гигиена бөліміне қатысты мәселелерді жергілікті мекеменің қарауына береді.
  7. Жаңа ұйымдастыру формаларын, тиімді әдістерді және профилактикалық заттарды, коммуналдық гигиена бөлімі бойынша санитарлық–эпидемиологиялық стансалардың жұмысындағы жаңа әдістерді игереді, оны іс жүзінде қолданады.
  8. Бақылаудағы нысандарда лабораториялық зерттеулер мен аспаптық өлшеулер жүргізеді, суаттар мен атмосфералық ауаның ластануын бақылау бойынша өндіріс кәсіпорындарының лабораторияларына әдістемелік көмек көрсетеді.
  9. Тұрғындардың және бақылаудағы нысандардың жұмысшы қауымының арасында гигиеналық білімді ғылыми тұрғыда насихаттауға қатысады.
  10. Қоғамдық инспекторларды даярлайды және олардың жұмыстарын басқарып отырады.
  11. Еңбек етушілерді қабылдайды және олардың хаттарын, арыздарын, шағымдарын қарайды.

Республикалық, облыстық, қалалық санитарлық–эпидемиологиялық стансалар коммуналдық гигиена белімі бойынша өзінен төменгі эпидстансалардың жұмысына басшылық етеді және үйымдастыру–әдістемелік жұмыстарын жүргізеді.

Қажетті жағдайларда нысандарды тексеру эпидемиологтардың, санитарлық дәрігерлердің және басқа да мамандардың қатысуымен кешенді түрде жүргізіледі. Тексеруге нысана бастығы не оның уәкіл адамы қатысады. Тексеруге қатысудан бас тартуы тексеру актісінде тиісті түрде көрсетілуі қажет. Санитарлық тексерудің нәтижесі акті, бұйрық-жарлық немесе осы нысананы тексеру мақсатына сәйкес басқа түрде жазылады. Тексерілген нысананың санитарлық жағдайы қанағаттанарлықсыз болса, орындалу мерзімін көрсетіп, қажетті шаралар жүргізу жөнінде талаптар қойылады.

Санитарлық бақылауға жататын нысандар

Санитарлық бақылауға жататын нысандар:

  • қала сыртындағы аймақпен қамтылған қалалар, оның ішінде курортты қалалар, қала типті кенттер және жұмысшы кенттер, ауылдық және басқа да тұрғын мекендер;
  • ашық суаттар және жер асты су көздері, су алу қондырғылары және санитарлық күзету аймағы, гидротехникалық қондырғылар, тазарту кондырғылары бар су құбыры және канализация;
  • шу, тербеліс, электрмагниттік сәулеленудің көзі болып табылатын нысандар;
  • атмосфералық ауаны, суаттарды, жер қыртысын ластаушы нысандар, сонымен бірге атмосфераға, суаттарға, жер қыртысына түсетін зиянды қалдықтарды ұстайтын тазарту қондырғылары және құрылымдар мен санитарлық-қорғау аймағы;
  • жұмысшылардың, студенттердің жатақханалары, қонақ үйлер;
  • мал шаруашылығы және құс шаруашылығы кешендері және фермалары;
  • жеке бас гигиенасының нысандары және кәсіпорындары, моншалар, кір жуатын орындар, душтық павильондар, шаштараздар, косметикалық кабинеттер, кір киім және төсек жабдықтарын қабылдайтын және қайта беретін орындар, киімдерді жуу және химиялық тазарту орындары;
  • емдеу-профилактикалық және сауықтыру мекемелері: соматикалық ауруханалар, емханалар, амбулаториялар, диспансерлер, дәрігерлік кеңестер, дәріханалар, арнайы мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелері, курорттар, демалыс үйлері, пансионаттар, кемпингтер, қала сыртындағы демалыс базалары, ересек адамдарға арналған туристік және экскурсиялық базалар, мәдени және демалыс саябақтары, қарттар мен мүгедектер үйлері;
  • дене шынықтыру, спорт нысандары: стадиондар, спорт залдары, ашық және жабық бассейндер, мұз айдындары, қоғамдық суға түсетін орындар;
  • ойын-сауық көрсететін мәдени және ағарту мекемелері; кинотеатрлар, театрлар, мәдениет сарайлары, концерт залдары, кітапханалар, көрмелер;
  • әмбебап дүкендері, өндірістік өнім дүкені, кітап дүкені, өндіріс тауарларының базалары;
  • жаңа синтетикалық материалдардың үлгілері, тұрмыстық химия өнімдері, тұрмыстық және үй мүлік заттары, жеке бас гигиенасына арналған заттар;
  • автобекеттер, айлақтар (кеме тоқтайтын орын), теміржол және әуе бекеттері;
  • қоймалар, халықтан екінші шикізат қабылдайтын орындар мен палаткалар;
  • бейіттер, тұрмыстық жөне өндірістік қалдықтарды залалсыздандыратын және қайта пайдаға асыратын орындар, полигондар, қалдық төгетін жерлер, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу және жағу жөніндегі зауыттар.

Жол қатынасы, азаматтық авиация, мемлекеттік қауіпсіздік, ішкі істер министрлігінің нысандары және қорғаныс министрлігінің әскери қалашық және оқу орталықтары аймағында орналасқан нысандар осы аталған ведомстволардың медициналық қызмет мекемелерімен бақыланады.

Дереккөздер