Банар

Банар (бахнар, бана вьетн. Ba Na) — Вьетнамда тұратын таулы кхмер тобының халқы (Зялай, Контум, Фуйен, Биньдинь және Куанггай провинциялары).[1] Саны 160 мың адамды құрайды.[2]

Ba Na
Банар
Бүкіл халықтың саны

160 000

Ең көп таралған аймақтар

 Вьетнам

Тілдері

Банар тілі, Вьетнам тілі

Діні

анимизм, тотемизм, бір бөлігі христиан дінін қабылдаған

Тілі

Банар тілінде сөйлейді. Диалектілері: алаконг, банар, бонам (банар), ренгао, голар, йолонг, контум, кре(м), толо. Вьетнам тілі де кеңінен таралған. Жазуы латын әліпбиіне негізделген.

Діні

Дәстүрлі діні – анимизм, тотемизм. Банарлардың бір бөлігі христиан дінін қабылдаған.

Кәсібі

Негізгі кәсіптері – қолмен атқарылатын немесе суармалы егістік (күріш, жүгері, батат, мақта, кендір, көкөністер), мал шаруашылығы (буйвол, бұқа, ешкі, құс өсіру), аңшылық және терушілік. Дәстүрлі қолөнері – тоқымашылық, қыш бұйымдарын жасау, ауылшаруашылық құрал-саймандарын жасау.[3]Әр ауылда дерлік ұстахана бар. Кейбір жерлерде қарапайым керамикалық бұйымдар жасалып, әйелдер отбасына киетін матаны өздері тоқиды. Ер адамдар төсеніш, тор, қоржын тоқиды.

Өмір салты

Ронг үйі

Қоғамдық ұйымның дәстүрлі түрі – сайланбалы ақсақалы бар көршілік қауымы. Отбасы шағын, неке патрилокальды. Банарлар өмірлік серігін іздеуге және таңдауға еркіндік береді, неке дәстүрлі түрде жасалады. Жас жұбайлар әр жақта біраз уақыт кезектесіп тұрады, екі жанұяның келісімі бойынша тұңғыштары дүниеге келген соң өз үйлерін салады.

Ауылдың орталығында үлкен әдемі Ронг үйі бар, бұл ауылдың қақ ортасында зәулім де әдемі көзге көрнекі жерде орналасқан. Бұл үй ауылдың бас кеңсесі, ауыл ақсақалдары бас қосып, әлеуметтік мәселелерді талқылайтын, ауыл адамдары бас қосатын, үйленбеген ер-азаматтар мен жесірлер ұйықтайтын, ырым-тыйымдар өтетін жер, қауымның әдет-ғұрыптары орындалады, сонымен қатар олардың ауылдағы бейтаныс адамдарды қарсы алатын жері.

Ерлердің дәстүрлі киімі – шашағы мен кестелері бар белдік, жеңсіз күртеше, әйелдер – кестелі ұзын белдемше және жемпір. Әшекей бұйымдар - моншақтар, білезіктер, сырғалар, сақиналар. Негізгі тағамдары - күріш, тәтті картоп, маниок және көкөністер. Мереке күндері ет жейді.

Дереккөздер