Даур

Даурлар (дахуры, дагуры, моңғ. дагуур, қыт. 达斡尔族, пиньинь Dáwò'ěrzú) — Қытайда орналасқан моңғол тілінде сөйлейтін халық.[1] Солтүстік Маньчжурияда шашыраңқы тұрады, олардың ең тығыз қоныстанған жері Нонни (Нон-ула) өзені мен оның салаларының бойында, сондай-ақ Сунгари өзенінің бойында және Амур өзенінің орта ағысының бойында Зея мен Бурея сағаларының аралығында орналасқан.[2] 2000 жылы даурлардың саны 132 394 болды.[3]

Irgen Daŭa
Даур
Бүкіл халықтың саны

132 394

Ең көп таралған аймақтар

 Қытай

Тілдері

даур тілі, қытай тілі

Діні

ламаизм

Тілі

Тілі алтай отбасының моңғол тобының даур тілінде сөйлейді. Диалектілері: Бутха, Цицихар, Хайлар, Шыңжаң. Қытай тілі де кеңінен таралған. Жазуы ескі моңғол жазуына негізделген.[4]

Діні

Ертеректе даурлар шамандыққа сенген, кейбіреулер ламаизмді мойындайды. Даурлар табиғатқа, тотемдерге және ата-бабаларының рухтарына табынған.[5]

Даурлар жері. 1851

Тарихы

Даурлар Қытайдың солтүстігіндегі ежелгі ұлттардың бірі. «Даурлар» даур тілінен аударғанда „жер жыртушы“ дегенді білдіреді, бұл атау Мин әулеті кезінде кездесе бастады. Цин әулетінің императоры Канси билігінің басында «дахур» атауы пайда болса, кейінірек басқа атаулар - «дахуэр», «дахули» т.б. Қытай Халық Республикасы құрылғаннан кейін даурлардың өздерінің өтініші бойынша «даур» деген жалпы атау оларға қалдырылды. Мамандар даурларды Ляо әулетіндегі кидандардың ұрпақтары деп есептейді. Цин патшалығы тұсында даурлар әскерге алынды, олар шекара заставаларын күзетуге, тіпті алыстағы Шыңжаңды қорғауға бірнеше рет жұмылдырылды, сондықтан бірнеше мың дәуір әлі күнге дейін Тачен уезіндегі Шыңжаңда тұрады.[6]

Кәсібі

Негізгі кәсібі — егістік (бидай, сұлы, қарақұмық, құмай, тары, арпа, жүгері), көкөніс шаруашылығы, мал шаруашылығы; қосалқы шаруашылығы — аң аулау, балық аулау.

Өмір салты

  • Неке дәстүрлері: Неке моногамдық. «Хала» (отбасылық ру) мүшелерінің және әртүрлі ұрпақтардың арасындағы некеге тыйым салынады.
  • Тұрғын үйлері: Ертеде даурлар құрғақ сабақтардан жасалған лашықтарда тұрған. Даурлардың үйі бүгінде кірпіштен немесе ағаштан жасалған, әдетте бір жарық және екі қараңғы бөлмеден тұрады. Үйдің есігі шығысқа қарайды. Үйдің ең орталық бөлігінде асхана, екі жағында балалар мен қарттарға арналған бөлмелер бар.
  • Тағамдары: Даурлар асханасының негізі ұн өнімдері болып табылады. Сиыр мен қой етінен жасалған ет өнімдері, сонымен қатар сүт өнімдері кеңінен қолданылады. Сүйікті тағамдары пісірілген шелпек, тұшпара, кеспе, ет.
  • Мәдениеті: Даурлар мейрамдары қытайлық мерекелерге ұқсас болғанымен, өткізілу жолында біршама айырмашылықтар бар. Сонымен қатар, Мохеи мейрамы жыл сайын 1-ші айдың 16-сында тойланады. Даурлардың сүйікті ұлттық спорт түрлері — күрес, ат жарыс, таяқ тарту, т.б.
  • Киімдері: Жазда ер адамдар ақ көйлек, ақ шалбар, қолдан жасалған мата немесе былғары аяқ киім киеді. Қыста қара жібектен тігілген халат, бас киім немесе дөңгелек қалпақ киіп, белбеу байланады, былғары етік киеді. Әйелдер белбеусіз ципао халат, ақ шұлық, кестелі аяқ киім киеді, ал қыста - көйлек, мата шалбар немесе былғары киім, шалбар және етік киеді.[7]

Дереккөздер