Сен-Симон

Сен-Симон(Saіnt-Sіmon) Клод Анри де Рувруа (17.10. 1760, Париж — 19.5.1825, сонда) — француз ойшылы, социолог, социалист-утапист. Ол қоғам дамуында “индустрия” (адамдардың экономикалық іс-әрекеті) және оған сәйкес меншіктің формасы мен таптар шешуші рөл атқарады деп білді. Қоғамдық прогрестің негізі — ғылыми білімнен, техникалықжетістіктерден, индустриядан және осы салаларда прогрестіжүзеге асыратын адамдардан көрініс тапқан ақыл-ойда. Сен-Симон ілімі бойынша, әрбір қоғамдық құрылыс өзінің идеялары мен үстемдік еткен меншіктің формасын мейлінше дамытады, ақырында, оның жасампаз дәуірі бітіп, дағдарыс, тоқырау, күйреу кезеңі басталып, бұл процесс бұрынғыдан жоғары сатыдағы жаңа қоғамдық құрылысты орнатумен тынады дейді. Сөйтіп Сен-Симон өзінің социалдық жүйесінде қоғамдық құбылыстарды белгілі бір заңдылықпен дамитын біртұтас организмнің кейбір қырлары деп түсіндірді. Дүние жүзі тарихын Сен-Симонның бейнелеуіндегі көрінісі, адамзаттың төменгі сатыдан жоғарыға өрлеу формасындағы дамуы — діни, метафизалық және ғылыми парасаттылық кезеңдермен сипатталады. Осы тарихи-филос. тұжырымдама Сен-Симонның ізгі қоғам құру жөніндегі утопиялық жобасының арқауы болды. Мұндай ізгі қоғам құру үшін өнеркәсіп пен а. ш-н өркендетіп, тоғышарлықты (паразитизм) жою керек дейді. Сен-Симон көзқарастары Франция, Германия, Италия, т.б. елдердің қоғамдық ойына айтарлықтай ықпал етті.[1]

Дереккөздер