Тәжікстан президенті

Тәжікстан Президенті (тәж. Президенти Тоҷикистон) немесе Тәжікстан Республикасының Президенті (тәж. Президенти Ҷумҳурии Тоҷикистон) — Тәжікстан Республикасының мемлекет басшысы және де факто үкіметінің басшысы. Атқарушы билік басында болуымен қоса президент Тәжікстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып келеді.

Тәжікстан Республикасының Президенті
тәж. Президенти Ҷумҳурии Тоҷикистон

Президенттік штандарты

Лауазымды иеленуші
Эмомали Рахмон
16 қараша 1994
Басқару түрі

Елбасы

Ресми резиденциясы

Ұлт Сарайы, Душанбе

Өкілеттігінің мерзімі

7 жыл, қатарынан екі мерзімнен көп емес (Эмомали Рахмоннан басқасы)

Айлығы

жыл сайын 13,200 АҚШ доллары[1]

Лауазым пайда болды

30 қараша 1990

Лауазымдағы алғашқы қызметші

Қаһһор Маһкамұлы Маһкамов

Қаратпа сөзі

«Жоғары мәртебелі»
(тәж. Ҷаноби олӣ)

Сайты

http://www.president.tj/

1994 жыл 16 қарашадан бері президент — Тәжікстан Халық Демократиялық партиясының басшысы Эмомали Рахмон.

Тарихы

Тәжікстанның тұңғыш президенті Қаһһор Маһкамов еді. Ол Тәжік Кеңестік Социалистік Республикасының Президенті сайланып, Тәжікстанның тәуелсіздік алған күнінде президенті болды. Халықтан қолдау көре алмаған Қаһһор Маһкамов 1991 жылы тамыз айында жұмысынан кетуге мәжбүр болады. Елдің бөлінгендігінен 1991 мен 1992 жылдар арасында президенттер бір-бірін ауыстырып жатты, елде билікке талас жүрді. Наразылық пен келіспеушілік кейінірек Тәжік Азаматтық соғысына алып келді. 1994 жылдан бері президент Эмомали Шәріпұлы Рахмон болып келеді. Соңғы президенттік сайлау 2020 жылы өтті, алайда әлем бақылаушылары Тәжікстанда өткізілетін сайлауларды демократиялық емес және жалған деп санайды.

Атқаратын рөлі

Тәжікстан президенті — елдің елбасы және де факто үкімет басшысы, ол елдің ең ықпалды лауазымның иегері болып келеді. Президент халық сайлауымен сайланады, бастапқыда ол тек екіден көп емес жеті-жылдық мерзім жұмыс істей алатын. Алайда кейінірек бұл заң өзгертілді. Тәжікстан президенті соған қоса Тәжікстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып келеді.

Атқарушы билігімен қоса, президентке шекара қауіпсіздігі жайлы кеңес беретін Қауіпсіздік Комитеті де бар. Оған қоса мемлекеттік мәселелер жайлы 5 кеңесшісі бар:

  • Экономикалық мәселелер жайлы мемлекеттік кеңесші
  • Халықаралық қатынас жөніндегі мемлекеттік кеңесші
  • Ғылым және әлеуметтік мәселелер жөніндегі мемлекеттік кеңесші
  • Ақпарат, мәдениет және мемлекет істері жөніндегі мемлекеттік кеңесші
  • Қорғаныс және құқық қорғау жайлы мемлекеттік кеңесші.

Резиденциясы

2008 жылдан бері Душанбедегі Ұлт Сарайы (Коһи Миллат және Ақ Үй деп те аталады) Президенттің ресми резиденциясы болып келеді. Жиі ел сыртынан келген қонақтар осы сарайға келеді; арнайы мерекелер мен мерейтойлар сарайдың басты холлында өткізіледі. Оның құрылысы тәжіктердің тарихи патшасы Исмаил Ибн Ахмед Саманиге арналып басталған. 2008 жылы тамыз айында сарай ресми түрде ашылып, дәл бірінші күні ғимаратта Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының жиналысы өткізілді. Сарай 500 сомони банкнотасында бейнеленген.

2008 жылға дейін президенттік сарай басқа жерде, 1957 жылы құрастырылған ғимаратта орналасқан еді. Ол бұрын Тәжікстан Коммунистік партиясының Орталық Комитетінің басты штабы еді, және кеңес заманында Рауль Кастро, Хо Ши Мин, Никита Хрущёв, Леонид Брежнев және Борис Ельцин сияқты қонақтарды қарсы алды.[2] 1992 жылдан бастап ол президенттік резиденция болды, бірақ 2008 жылы бұл статусынан айырылды. 2017 жылы ол Душанбе әкімінің уақытша кеңсесі болды. 2020 жылы ақпанда ғимараттың бұзылуы жарияланды.[3]

Президенттер тізімі

СуретіАты-жөні
(Өмір сүрген жылдары)
ПрезиденттігіҰзақтығыПартиясыСайлауы
Президент
1 Қаһһор Маһкамұлы Маһкамов
(1932 – 2016)
30 қараша 199031 тамыз 19911 жылКоммунистік
Қадриддин Аслонұлы Аслонов
(1947 – 1992)
31 тамыз 199123 қыркүйек 199123 күнКоммунистік
2 Рахмон Нәбиұлы Нәбиев
(1930 – 1993)
23 қыркүйек 19916 қазан 199113 күнКоммунистік
Акбаршо Искандарұлы Искандаров
(1951 туған)
6 қазан 19912 желтоқсан 199157 күнКоммунистік
(2) Рахмон Нәбиұлы Нәбиев
(1930 – 1993)
2 желтоқсан 19917 қыркүйек 19921 жылКоммунистік1991
Акбаршо Искандарұлы Искандаров
(1951 туған)
20 қараша 199220 қараша 199274 күнКоммунистік
Жоғарғы Кеңес төрағасы[lower-alpha 1]
Эмомали Шәріпұлы Рахмон
(1952 туған)
20 қараша 199216 қараша 19941 жыл, 11 ай, 27 күнПартиясыз
Президент
3 Эмомали Шәріпұлы Рахмон
(1952 туған)
16 қараша 1994қазіргі27 жыл, 240+ күнТХДП1994
1999
2006
2013
2020

Қосымша ақпарат

Дереккөздер