Қазақстан халқы

Қазақстан халықтары, Қазақстандықтар — тарихи тағдыр ортақтастығы қазақ ұлтымен біріктірген Республиканың барлық ұлттарының азаматтары Қазақстанның біртұтас халқын құрайды, бұл халық Қазақстан Республикасындағы егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттік биліктің кайнар көзі болып табылады, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары негізінде тікелей де, сондай-ақ өзісайлайтын мемлекеттік органдар арқылы да мемлекеттік өкімет билігін жүзеге асырады.[1]Қазақстанда байырғы қазақ ұлты және 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілі (этностар) тұрады. Қазақтардың саны 2013 жылғы статистикалық мәлімет бойынша 11 058 мың адам болған, яғни ел халқының 65,2%-ын құрайды. Елдегі орыс ұлтының өкілдері - 21,8%, өзбектер 3%, украиндар 1,8%, ұйғырлар 1,4%. Салыстырмалы түрде кәрістер, дүнгендер де аз емес.

Қазақстан түрлі халық өкілдерінің әнұран шырқау сәті

Қазақстан Республикасында 1989 жылғы халық санағында 16199,2 мың адам тіркелді. 1999 жылғы санаққа дейінгі аралықта Қазақстан халқы 1246,1 мың адамға кеміген. Мұның басты себебі бұрын қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстан жеріне көшіріліп, қоныстандырылған өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе, орыстардың, украиндардың, немістердің, кавказ халықтарының, т.б. өз ата мекендеріне көшіп кетуі болды. Өсу тек Түркістан, Қызылорда, Атырау облыстарында, Алматы, Астана қалаларында байқалды. Ерлердің саны 7201,8 мың болса, әйелдер 7751,8 мыңды құрады. Соңғы он жылда ұлттық құрамда да айтарлықтай өзгеріс болды. Мысалы, қазақ ұлты 1468,1 мың адамға (22,9%) көбейіп, республика халқының жартысынан астамын (53,4%-ын) құрады. Сондай-ақ, күрд (29,1%-ға), дүнген (23,3%-ға), ұйғыр 15,9%-ға), өзбек (12%-ға) халықтарының саны да өсті. Оның есесіне орыс ұлты өкілдерінің саны 1582,4 мың адамға (26,1%-ға) кеміді, немістер 593,5 мың (62,7%), украиндар 328,6 мың (37,5), татарлар 71,7 мың (22,4%), беларусьтер 66 мың (37,1%) адамға кеміген.

Ресей империясындағы Қазақстан халқы

1897 жылы бүкілресейлік халық санағының мәліметі бойынша, қазіргі Қазақстан аумағындағы халықтың 80%-ын қазақтар, 12%-ын славян тектес халықтар құраған. 1897 – 1913 жылы аралығында мұндағы халық саны қоныс аударған орыс, украин, беларусь, татар, ұйғыр, дүнген, т.б. шет жұрттықтар есебінен 1 264,0 мың адамға көбейген. Қазақстан аумағындағы халық санының өсу көрсеткіші мынадай: 1897 жылы 4333 мың адам, 1913 жылы – 5597 мың, 1939 жылы 6082 мың, 1959 жылы 9295 мың, 1970 жылы 13009 мың, 1979 жылы – 14684 мың.

КСРО құрамындағы Қазақстан халқы

1930 жылдан кейін Қазақстан жеріне сырт өлкеден халық толассыз келумен болды.

1937 – 44 жылы тұтас халықтарды ата жұрттарынан Қазақстан аумағына күштеп көшіру науқаны жүргізілді.

1937 жылы алғашқылардың бірі болып Қиыр Шығыстағы корейлер көшірілді. Олар негізінен Қазақстанның Оңтүстік және Оңтүстік-шығыс аудандарына қоныстандырылды.

Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында КСРО ХКК-нің 1940 жылы 18 қазандағы қаулысымен Қазақстанға Украина мен Беларусьтің батыс облыстарынан поляктар көшіріліп әкелінді. Олар Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Семей облыстарына ірге тепті. Соғыс басталысымен 1941 жылы КСРО-ның батыс аймақтары мен Еділ бойынан неміс жұртшылығы, сонан соң Украинада, Беларусьте, Балтық жағалауында тұратын немістер көшірілді.

1943 жылы қазанда қарашайлар Жамбыл, Түркістан облыстарына, сондай-ақ, Қырғызия мен Өзбекстанға көшірілді. Одақтық үкіметтің 1943 жылы күзде қабылдаған шешімі бойынша келесі жылдың көктемі мен күзінде Қазақстанға Солтүстік Кавказ бен бұрынғы Қалмақ АКСР-нан арнайы қоныс аударушылар Қазақстанға тұрақты мекендеуге көшірілді.

1944 жылы Армения және Әзірбайжаннан, Грузиядан күштеп көшірілген күрдтер Қазақстан мен Орта Азияға қоныстандырылды. Осы жылдың ақпанында Қазақстан аумағына шешендер мен ингуштер жер аударылды, ал наурыз айында Қазақстанның Оңтүстік аймағына және Қырғызияға балқарлар әкелінді. Л.Берияның “Қырым АКСР-ның аумағынан Кеңеске қарсы элементтерді тазарту туралы” 1944 жылы 13 сәуірдегі бұйрығымен Қырым татарларын, болгарлар мен гректерді көшіру науқаны жүргізілді. Олар Өзбекстанға және Қазақстанның Оңтүстік аймақтарына қоныс тепті. Мемлекеттік қорғаныс қаулысымен Грузиядан көшірілетін арнайы қоныс аударушыларды респ. аумағына қоныстандару туралы Қазақстан үкіметіне өкім берілді. Осы жылы қарашада Грузиядан Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Талдықорған, Түркістан облыстарына месхеттік түріктер мен күрдтер күштеп қоныстандырылды.

Бұдан кейін Қазақстанға басқа халықтардың көп мөлшерде көшіп келуі тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінде (1954 – 56 жылы) және өнеркәсіп нысандарын қарқынды салу жылдары (1959 – 65) көбейді. Осы жылдары Қазақстанда тұратын жергілікті халық саналатын қазақтардың үлесі ең төм. деңгейге жетті (30%). Қазақстан аумағы жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тұратын мекенге айналды.

1960 жылдан бастап көшіп келушілер мөлшері біршама азайып, жыл сайынғы мөлшері 60 – 70 мыңдай адам болды.

1990 жылдан кейін Қазақстанды мекендеген шет жұрттықтардан көшіп кетушілер саны өсе бастады.

1990 жылға дейін Қазақстан халқының демографиялық жағдайы тұрғындар санының ұдайы қарқынды өсуімен, қалада тұрушылар үлесінің шұғыл артуымен, ұлттық құрамының қарқынды араласуымен, халық тығыздығының біркелкі болмауымен сипатталды. 1990 жылдан кейінгі кезеңде славян, герман тектес тұрғындардың өз еліне қоныс аударуы көбейіп, республика халқы едәуір азайды, қазақ және басқа түркі тектес халықтардың үлесі артты, сондай-ақ, нарықтық қатынастарға байланысты ішкі көші-қонның әсерімен қала тұрғындарының саны өсе бастады.

Ұлттық құрамы

2022 жылғы 1 қыркүйекте жарияланған 2021 жылғы санақтың қысқаша қорытындысына сәйкес негізгі этностардың саны: қазақтар — 13 497 891 адам (халықтың 70,4%), орыстар — 2 981 946 (15,5 %), өзбектер — 614 047 (3,2 %), украиндар — 387 327 (2,0 %), ұйғырлар-290 337 (1,5 %), немістер — 226 092 (1,2) %, татарлар — 218 653 (1,1 %), басқа этностар және ұлтын көрсетпеген — 969 722 (5,1 %).[2].

Салыстырмалы кесте (1897—2012)
Ұлт189719261939195919701979198919992009[3]2012 [4]
қазақтар3 392 7513 627 6122 327 6252 794 9664 161 1645 289 3496 534 6167 985 03910 096 76310 979 511
орыстар454 4021 275 0552 458 6873 974 2295 449 8265 991 2056 227 5494 479 6203 793 7643 726 722
өзбектер29 564129 399120 655136 570207 514263 295332 017370 663456 997493 783
украиндар79 573860 201658 319762 131930 158897 964896 240547 052333 031313 698
ұйғырлар55 81562 31335 40959 840120 784147 943185 301210 365224 713228 582
татарлар55 98479 758108 127191 925281 849312 626327 982248 954204 229204 171
немістер2 61351 09492 571659 751839 649900 207957 518353 441178 409180 832
корейлер4296 45774 01978 07891 984103 31599 665100 385103 456
түріктер685239 91618 39725 82049 56775 90097 01598 013
әзербайжандар12 99638 36256 16673 34590 08378 29585 29287 190
белорустар25 58431 614107 463197 592181 491182 601111 92766 47663 694
дүңгендер4 8888 4557 4159 98017 28322 49130 16536 94551 94455 819
күрдтер2 3876 10912 29917 69225 42532 76438 32540 026
тәжіктер7 66611 2298 0757 16619 29325 51425 65736 27737 112
поляктар1 2543 76254 80953 10261 33561 13659 95647 29734 05733 901
шешендер32 639130 23234 49238 25649 50731 79931 43131 809
қырғыздар9 6129 35213 71810 92523 274б/з
башқұрттар2 5288413 4508 74221 13432 49941 84723 22417 26317 073
ингуштар332247 86718 35618 33719 91416 89315 120б/з
молдовандар2 8552 99214 84425 71130 25633 09819 45814 245б/з
гректер1571 37455 54339 24149 93046 74612 7038 846б/з
мордвалар11 91127 24425 33425 49934 12931 42430 03616 1478 013б/з
чуваштар2 2676 59011 25522 69022 31022 30511 8517 301б/з
еврейлер1 6514 49919 24028 04826 95422 76218 4926 7433 485б/з
басқалары30 59170 342101 379136 606142 66817 4670б/з
барлығы6 198 4696 151 1029 309 84712 848 57314 684 28316 464 46414 953 12616 009 59716 675 392

Қазақтар

Қазақтар еуропоидтық пен оңтүстіксібірлік моңғолоидтық нәсілі аралығында өтпелі орын алады. Қазақтардың ата-бабалары қазіргі Қазақстанның аумағында біздің заманымызға дейінгі 1 ғасырда қоныстанған. XV ғасырдың ортасында олар жеке этностық топ ретінде қалыптасып, XVI ғасырдың ортасында біртұтас хандық (мемлекет) құрды.Қазақтар еуропалық-азиялық субконтинеттің көшпелі-мәдени өркениетінің тұңғыш мұрагерлері болып табылады. 1917 жылғы төңкеріске дейін қазақтар саны 6,2 млн-ға жеткен еді. Ол түркі тілдес ұлттардың ең ірісі болған. Әлем халықтары арасында саны жағынан қазақтар 70-орын алады. Тілдік тұрғыда олар алтай тілдік әулетінің түркі тобына, діни нанымы жөнінен исламның суннит бағытына жатады.

Қазақтар республиканың барлық аудандарында тұрады, бірақ олардың үлесі әсіресе Батыс және Оңтүстік Қазақстан аймақтарында өте басым. Ежелден-ақ қазақ халқы жайылымдық мал шаруашылығы саласында шеберлігімен және жайылымды құрайтын өсімдіктердің құрамын жетік білуімен ерекшеленеді. Қазіргі уақытта қазақтар ел шаруашылығының, ғылым мен техниканың және мәдениеттің барша саласында белсенді жұмыс істеп, жетекші қызмет атқарады.

Орыстар

Орыстар негізінен солтүстіктегі астықты аудандарда тұрады (Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар облысының солтүстігі).

Украиндар

Украиндар да орыстармен аралас қоныстанған, бірақ олардың үлесі Қостанай және Ақтөбе облыстарында көбірек.

Беларустар

Беларустардың көпшілігі Солтүстік Қазақстанда тұрады. Орыстар, украиндар мен беларустар қазақтар тәрізді шаруашылықтың барлық салаларында еңбек етеді.

Өзбектер

Өзбектер оңтүстіктегі Өзбекстанмен көршілес суармалы егіншілік аудандарда шоғырланған.

Немістер

Немістер республиканың солтүстігі мен оңтүстігінде және Қарағанды облысында көп. Олар негізінен егіншілік, сүт бағытындағы мал шаруашылығымен айналысады.

Татарлар

Татарлар Қазақстанның солтүстігіндегі ескі қалаларда, әсіресе Петропавл, Семей мен Оралда қоныстанған. Олардың саны қалаларда басым, көбінесе халыққа қызмет көрсету, сауда салаларында жұмыс істейді.

Кәрістер

Кәрістердің басым көпшілігі республиканың оңтүстігінде, әсіресе Қаратал өзенінің маңында және Сырдарияның төменгі ағысында, өздері алғаш рет күріш егудің негізін салған жерлерінде тұрады.

Ұйғырлар, дүнгендер

Ұйғырлар - Алматы облысы, дүнгендер - Жамбыл облысы аумағында. Олар суармалы егіншілік, әсіресе бақша өсірумен айналысады.[5]

Дереккөздер