Астероид

Астероид (гр. ἀστεροειδής – жұлдызсияқтылар) — газ-тозаңды бұлттардың эволюциясы барысында пайда болған Күн жүйесіндегі кіші денелер, кіші планеталар деп те аталады.

Ең үлкен астероидтар
Ең үлкен астероидтар

Бірінші астероидты 1801 жылы 1 қаңтарда италиялық астроном Джузеппе Пьяцци ашты, оны Церера деп атады. 1802 жылы астрономиямен айналысатын неміс дәрігері Ольберс Церераға жақын аймақтан жаңа аспан денесін тауып, оның атауын Паллада деп қояды. 1804 жылы Юнона, 1807 жылы Веста табылды. Кішкентай планеталарды Уильям Гершель астероид яғни «жұлдыз іспетті» деп атауды ұсынды.

Бастапқы кезде құдайлардың аттарымен аталған астероидтарға кейін ұлы адамдардың есімі берілді. Астероидтар табылғанда оған ашылған жылы көрсетілген белгі тағылады. Астероидтың орбитасы есептелген соң тұрақты номер және аты беріледі.

Есептеулер бойынша Күн жүйесінде 1,1-ден 1,9 миллионға дейін радиусы 1 шақырымнан асатын денелер бар. Қазіргі уақытта анықталған астероидтардың көбісі Марс пен Юпитердің арасында орналасқан астероидтар белдеуінде орналасқан. Астероидтық белдеудің жалпы массасы жуық есеппен алғанда 3,0—3,6·1021 кг құрайды. Бұл Ай массасының 4%-н ғана құрайды.

Орбитаға байланысты жіктелуі

Астероид орбиталарының шеңберден өзгешілігі аз, сондықтан астероидтардың көпшілігі Күн жүйесінің ішкі аймағына кірмейді. Бірақ кейбір астероидтар Күнге жақын келіп немесе Сатурн орбитасының сыртына шығып кетеді. Юпитер орбитасы бойымен планетаның алдында және артында қозғалатын астероидтардың екі тобы бар. Олар «Гректер» мен «Трояндықтар» деп аталады. Олардың айналу периоды Юпитердің айналу периодына сәйкес келеді және орбитадағы орны аспан механикасының теориясын құрушы Лагранждың тапқан заңы бойынша есептеп шығарған нәтижесінен ауытқымайды.

Спектрлік түрлері

Құрамы жағынан астероидтар келесі үш негізгі спектрлік түрге бөлінеді: көміртекті C, силикатты S және металды M астероидтары.

C спектрлік түріндегі астероидтардың альбедосы өте төмен, яғни олардан аз жарық шағылады, және телескоппен бақылағанда, олар қараңғылау болып көрінеді. S астероидтары керісінше жарық болады, яғни альбедосы жоғары болып келеді. M астероидтары никель мен темірге бай, олардың альбедо көрсеткіші орташа шамаларда орналасады.[1]

Бұдан басқа да спектрлік түрлер бар, бірақ оларға жатқызылатын астероидтар салыстырмалы түрде сирек кездеседі.

Пайда болуы

Көпшілік қабылдаған теория бойынша, планеталар пайда бола бастаған кезеңде Марс пен Юпитер аралығында ғарыштық тозаңның аккрециясына Юпитердің гравитациялық өрісі кедергілер келтіріп жүрген. Сондықтан планетезимальдар одан ірі нысандарға айнала алмаған және көптеген соқтығысулар нәтижесінде шағылып, ұсақталып қалатын.[2]

Кейбір ерекше астероидтар

АтауыДиаметр (шақырым)АшылуыДеректер
(1) Церера9391 қаңтар 1801Алғашқы ашылған астероид, қазір ергежейлі планета деп саналады
(4) Веста52929 наурыз 1807Жер бетінен көзбен бақылауға болатын жалғыз астероид,
Церерадан кейін ең үлкені және ең салмақтысы (V спектрлік түрі)
(10) Гигея431 ± 712 сәуір 1849C спектрлік түрінде ең үлкен астероид
(15) Эвномия26829 шілде 1851S спектрлік түрінде ең үлкен астероид
(16) Психея18617 наурыз 1852M спектрлік түрінде ең үлкен астероид[3]
(87) Сильвия26116 мамыр 1866Жанында екі серігі ашылған алғашқы астероид (2005 жылы анықталды)
(90) Антиопа801 қазан 1866Алғашқы ашылған қосарлы астероид (2000 жылы анықталды)
(243) Ида56×24×2129 қыркүйек 1884Серігі бар екені анықталған алғашқы астероид (1993 жылы анықталды)
(323) Брюсия3622 желтоқсан 1891Астрофотография әдісімен ашылған алғашқы астероид
(433) Эрос13×13×3313 тамыз 1898Алғашқы ашылған Жерге жақын астероид, ғарыш кемесі қонған алғашқы астероид, жасандысерігі болған алғашқы астероид (қ. NEAR Shoemaker)
(588) Ахиллес135,522 ақпан 1906Юпитердің жанында ашылған алғашқы троян астероиды
(624) Гектор370×19510 ақпан 1907Юпитер трояндықтарының ішінде ең үлкені
(846) Липперта52,426 қараша 1916Өз осімен ең баяу айналатын астероидтардың бірі (1641 сағат ішінде)
(951) Гаспра12,230 шілде 1916Ғарыш кемесі ұшып барған алғашқы астероид
(1566) Икар1,427 маусым 1949Меркурий орбитасын кесіп өтетін бірінші белгілі астероиды
(1902) Шапошников9718 сәуір 1972Диаметрі 100 шақырымнан асатын соңғы белгілі астероид
(3200) Фаэтон511 қазан 1983Ғарыштан ашылған алғашқы астероид
(5261) Эврика~2–420 маусым 1990Марстың жанында ашылған алғашқы троян астероиды
(7968) Эльст — Писарро3,814 шілде 1996Кометалық белсенділігі байқалған алғашқы астероид
(25143) Итокава1,326 қыркүйек 1998Тозаң үлгісі ғарыш кемесімен Жерге жеткізілген алғашқы астероид (қ. Хаябуса)
2010 TK7~0,3қазан 2010Жердің жанында ашылған алғашқы троян астероиды
P/2013 R3қыркүйек 2013Ыдырауы бақыланған алғашқы астероид
2014 RC~0,0171 қыркүйек 2014Өз осімен ең жылдам айналатын астероид (16,2 секунд ішінде)

Дереккөздер