Вьеттер


Вьеттер (вьетнамдықтар; өз атауы — Việt, вьет (қыт. юэ); Kinh, кинь, қыт. , jing, gin, цзин) — Вьетнам Демократиялық Республикасының тұрғылықты халқы. Камбоджа, Тайланд, Лаос, АҚШ-та, сонымен қатар Қытай, Канада т.б. елдерде тұрады. Жалпы саны 73,5 миллион (2006).

Việt, Kinh
Вьеттер
Бүкіл халықтың саны

73,5 млн.

Ең көп таралған аймақтар
 Вьетнам

70,8 млн.[1]

 АҚШ

1,2 млн.

 Камбоджа

597 000[2]

 Франция

302 000

 Аустралия

174 000

 Канада

151 000

 Тайланд

103 000[3]

 Лаос

94 000

Тілдері

вьетнам тілі

Діні

буддизм

Тілі

Вьет-мыонг тілдер тобына жататын вьетнам тілінде сөйлейді.

Діні

Басым бөлігі будда дінін ұстанады. Католик, протестанттар да кездеседі.

Тарихы

Вьеттердің ата-бабалары - қазіргі солтүстік Вьетнамның байырғы тұрғындары болған. Олар б.з.б. І-ғасырда Аулах мемлекетін құрды. Кейіннен осы жердеғі ланвьет және аувет халықтары қытай басқыншыларынан өздеріне тәуелсіздік алып, дербес мемлекеттерін құрды.

Ежелгі қытай жазбаларында әртүрлі вьет тайпалары туралы айтылады. Авторлар тіпті Вьетнам халқының қуатты мемлекеттік бірлестіктерінің бірін – «Юэ» деп атаған (оны «Вьет» деп аударуға болады, өйткені вьет юэ тілінде сөйлеген).

Кәсібі

Негізгі кәсіптері - суғармалы егін шаруашылығы. Күріш (200-дей түрі), оның әйгілі: қатты (чао тэ), желімді (чао нэп) екі түрі, оған қосымша жүтері, батат, маниок, таро егеді.

Ұлттық қолөнерінде темір ұсталығы, ағаштардан ою-өрнек, қыш пен көзеден әр түрлі бұйымдар, тоқымашылық, шиден қалпақ, өріп сөмке жасау өнері дамыған. Тұрғындары өзен, жол жағалауына, биік қырқалардың етегіне орналасқан, әр үй бамбуктен жасалған шарбақпен қоршалған. Баспаналары - сабан араласқан балшықтан, бамбуктен тұрғызылған үйдің шатыры пальма жапырағымен жабылған.

Өмір салты

Вьеттер көшеде қатты сөйлемейді, керісінше барлығы дерлік шынымен күлімсіреп жүреді. Күлімсіреу - дәстүрге деген құрмет және жақсы тәрбиенің белгісі, сондықтан бұл адамдар кез келген жағдайда күлімсіреуді дағдыға айналдырған.

Дәстүрлі мерекелере тэт (жаңа жыл), тэт чунг тху (күз айларындағы мереке) деп аталады. Мерекелерде халықтың алтыбақан теуіп, қораз төбелестііріп, қайықпен жарысып көңіл көтеретін дәстүрлі ойындары бар.

Ұлттық киімдері мақта-матадан тігілген кеудеше, қоңыр немесе қара шалбар, жиегі кең шиден өрілген қалпақ, мереке күндері ашық түсті жібек матадан тігілген ао зай деп аталатын көйлек киеді.

Вьеттердің ұлттық тағамдары вьетнамдықтардың өз аймағында өсетін дақылдарды пайдалануға деген ұмтылысын көрсетеді. Солтүстікте соя сүтін дайындау танымал, оңтүстік елдерде балық өнімдері, сондай-ақ балық соусы дайындалады. Сонымен қатар, вьет ұлттық тағамдарының ең көп таралған ингредиенттері-күріш пен кеспе, оны дайындаудың көптеген әдістері бар.[4] Негізгі сусындары - шай.

Ұлттық аспаптарына скрипка, гитара, бамбук флейтасы жатады. Су бетінде қойылатын қуыршақ театры бар.

Қазақстандағы вьеттер

Вьеттер Қазақстанға негізінен 1990-жылдарынан бастап, нарықтық қарым-қатынастарға байланысты көші-қон үрдістеріне орай қоныстанған. Қазақстандағы вьеттердің саны - 35 (2009).[5]

Дереккөздер