Салыстырмалы өмірнамалар (Плутарх)

Плутархтың өмірбаяндары

«Салыстырмалы өмірнамалар» шығармасында автор грек-рим елдерінің тарихи тұлғаларын қатар қоя отырып суреттейді. Ғұмырбаянның қорытынды бөлімі көп жағдайда екі қайраткерді «салыстыруға» арналған. Сонымен бірге, еңбекте автор шығармашылығының алғашқы кезеңіне жататын туындылары – жеке адамдардың өмірбаяндары да кездеседі. Рим қайраткерлерін гректермен теңестіру, олардың өмірін салыстыра суреттеу идеясы Плутарх секілді грек ойшылының күшті романофильдік бағытын аңғартады. [1] Плутарх ғұмырбаян жазуды жас кезінде бастады. Алғашында оны Гесиод, Пиндар, Эпаминон сынды Беотияға танымал адамдардың өмірі қызықтырды. Кейіннен Грекияның басқа да облыстарындағы көрнекті өкілдер: Леонид, Аристомен, Арат Сикионский, тіпті парсы патшасы Артаксеркс ІІ туралы жазды. Римде болған уақытында Плутарх гректерге арнап рим императорларының өмірбаяндарын жазды. Кейбір тарихи тұлғалар (мәселен, Тесей мен Ромул – Афины мен Римнің негізін салушылар, Ликург пен Нума Помпилий – алғашқы заң шығарушылар, Демосфен мен Цицерон – ораторлар, Александр Македонский мен Юлий Цезарь – патшалар) салыстыруға өздері бейімделіп, сұранып тұрады. Ал кейбірін автор қолдан жасады. Бірақ, бұл өмірбаяндарға ешқандай нұқсан келтірмейді, ал «салыстыру» деген тек қосымша нәрсе болды. [2]Бір ғана осы еңбегін жазу арқылы Плутарх өзінің отанын қалтқысыз сүйген патриот екенін дәлелдеді. Туған халқының даңқын асыру үшін жаулап алған жерін Эллада деп атап, халқын эллиндер дейтін Александр Македонскийдан асып түспесе кем түскен жоқ. Плутархтың өмір сүрген дәуірінде Грекия толығымен Рим империясына бағынышты ел болғандығын, римдіктердің отар халықтарды аяусыз қанап, жауыздық саясат жүргізгенін ескерсек, Плутарх еңбегін ерлікпен пара-пар деуге әбден болады. Македонский мықты қаруы, мыңдаған әскері бар батыр болса, Плутархтың қолындағы қаруы да, сүйенер әскері де тек қаламы болды. Македонский өлген соң оның артындағы ұлан-байтақ империясы ыдырап, талан-таражға түссе, Плутарх отар елдің ұланы бола жүріп, гректің ұлы қайраткерлерінің есімі мен ерлігін, еңбегін тарих бетінде өшпестей ойып тұрып жазып қалдырды. «Ол Грекияның ұлы қайраткеріне арналған очерктердің әрбірі дерлік өмірі немесе мінезі, тіпті болмаса сырттай қарағанда, сол гректің өміріне немесе мінезіне ұқсас келетін аты әйгілі римдіктің өмірбаянымен бйланыстырып отырған. Алуан түрлі тарихи жағдайларда өмір сүріп, араларын көптеген ғасырлар бөліп жатқан адамдардың өмірбаяндарын бұлайша әдеттен тыс қосақтау жасанды сипатта болды, мұның себебі ең алдымен оның римдік оқырмандарға жағыну ниетінде еді. Егер жазушы тек грек батырларының ерліктерін ғана мадақтаған болса, онда римдіктер Плутархтың кітабын көзсіз қыр көрсету деп түсінер еді.Плутарх «Грекияның үстіне римдіктердің сойылы төніп тұрғанын» ешқашан естен шығарған жоқ, сондықтан өзі мен отандастары басқыншылардың ашу-ызасына душар болмауы үшін олардың қытығына тимеуге тырысып бақты. Римдіктерді алдымен қызықтырған өз мемлекетінің тарихы ғана болды, ал тек соған қосымша ретінде ғана басқа халықтардың өткенімен танысуға ықылас білдірді. Атағы әйгілі гректер мен римдіктердің жиырма үш жұп өмірбаянын жазған Плутарх енді ерте дүниенің ең әйгілі жазушылары мен тарихшыларының біріне айналды. Плутархтың жазған әрбір өмірбаяны әрбір адам өмірі туғанынан бастап дүниеден қайтқанына дейін байыппен баяндалған, барлық деректер мұқият іріктеліп алынып, бірегей идеяға бағындырылған, аяқталып біткен көркем шығарма болып табылады. Плутархтың тамаша дарыны бұл тақілеттес шығармалар үшін материалдар іріктеп алудың бірден-бір дұрыс принципін ұстауға мүмкіндік берген еді». [3]«Салыстырмалы өмірнамалар» – тарихи маңызы зор еңбек. Плутарх пайдаланған көптеген мәлімет көздері бізге жетпегендіктен, оның кітабы көп жағдайда біз үшін бірден-бір дерек көзі болып табылады. Бірақ, Плутарх келтірген фактілердің бәрін таза ақиқат деп тануға да болмайды, мұнда нақтылайтын жайлар көп. Моралист әрі көркем мінездеудің шебері Плутарх тарихшы болуға ұмтылған жоқ. Александр Македонский мен Юлий Цезарь ғұмырбаянының кіріспесінде автор көптеген маңызды тарихи оқиғалардың қысқаша ғана баяндалатынын немесе мүлде түсіп қалып отыратындығын оқырмандарына: «біз тарихты емес, өмірді сипаттаймыз; қаһарманның керемет ерліктері әруақытта оның айбынын, қажыр-қайраты мен кемшілігінің көрсеткіші болып табылмайды» деп ескертіп өтеді. [4]


Дереккөздер