Мүйізтұмсықтар

Мүйізтұмсықтар (лат. Rhinocerotidae) – тақтұяқтылар отрядының бір тұқымдасы.

Мүйізтұмсықтар
Қазбалық ауқымы: Eocene–Recent
Қара мүйізтұмсық (Diceros bicornis)
Ғылыми топтастыруы
Дүниесі:Жануарлар
Жамағаты:Хордалылар
Табы:Сүтқоректілер
Сабы:Тақтұяқтылар
Кіші сабы:Ceratomorpha
Ұлы тұқымдасы:Мүйізтұқымтектестер
Тұқымдасы:Rhinocerotidae
Джон Эдуард Грей, 1820
Түрлері

Ceratotherium
Dicerorhinus
Diceros
Мүйізтұмсықтар

Мүйізтұмсықтардың аулау. Пьяцца Армерина (Сицилия) жанындағы Вилла дель Казаледен римдік мозаика. IV ғасыр

Қазба қалдықтары палеоген кезеңінен белгілі. Сол кездегі олардың далалы алқаптарда және су жағалауларындағы батпақты жерлер мен тоғайлар арасында тіршілік еткен 200-дей түрі болған. Олардың 25-тей түрінің қаңқалары Қазақстанның палеоген, неоген, антропоген кезеңдерінің геологиялық қатпарларының шөгінділерінен табылған. Қазір 4 туысына жататын 5 түрі бар: Суматра мүйізтұмсығы – Үндіқытай, Малакка, Суматра, Калимантан аралдарында, Бирма, Ассамда; үнді мүйізтұмсығы – Непал, Ассамда; қара мүйізтұмсықШығыс Африкада; ақ мүйізтұмсық – ОАР, Судан, Уганда, Орталық Африкада, Чадта тіршілік етеді. Ал Ява мүйізтұмсығы – қазір тек Ява аралында ғана сақталған.

Мүйізтұмсықтар тропиктік ормандар мен саванналарда тіршілік етеді. Дене тұрқы 2–5 м, салмағы 1–3,6 т-дай, ірі жануар. Терісі қалың, тықыр. Мұрнында және кеңсірігінде 1–2 (қара Мүйізтұмсықта 3 кейде 5) мүйіз болады, мүйізінің ұзындығы 40–60 см-дей. Аяқтары қысқа, мықты, үш ашалы. Құйрығы шашағы ұзын қылдардан тұрады. Көзі нашар көреді, бірақ иіс сезу органы жақсы дамыған. Жұбымен жүреді. Буаздық мерзімі 16–17 айға созылып, жалқы (өте сирек екі) төл туады. Төлі 2 жылға дейін енесін емеді. 50–60 жылдай тіршілік етеді. Мүйізтұмсықтардың жылдан-жылға саны азаюда. Барлық түрі Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгізілген[1].

Галерея

Мүйізтұмсықтардың қорегі

Мүйізтұмсықтар – шөпқоректі жануарлар. Қара, үнділік, суматралық және явалық мүйізтұмсықтар бұтақтармен қоректенетін болса, ақ мүйізтұмсықтар ашық жерлерде жайылып жүреді. Қара және үнділік мүйізтұмсықтардың үстіңгі еріндері үшбұрыш пішінді, ол заттарды ұстап, көтеруге көмектеседі. Сондай-ақ ағаштар мен бұтақтардың жапырақтарын, бүршіктері және жемістерін іздеуге және жинауға мүмкіндік береді. Ақ мүйізтұмсықтар шөбі мол жерде жайылады.

Мүйіздері

Мүйізтұмсықтардың мұрнынан басталатын бір немесе екі иілген тұмсықтары болады. Олар – тұмсықтарында мүйіздері бар жалғыз жануарлар. Явалық және үнділік мүйізтұмсықтарда тек бір ғана мүйіз болса, суматралық, ақ және қара мүйізтұмсықтарда екі мүйізден болады. Мүйіздердің құрамы кератиннен тұрады. Мүйіздің ұзындығы 35 см-ден 1 м-ге дейін жетеді.

Заңсыз аңшылық

Мүйізтұмсықтардың мүйіздері медициналық жағынан құнды деген оймен көптеген адамдар оларға заңсыз түрде шабуылдап, аңшылық етеді. Йемен мен Оманда олардың мүйіздерінен қанжар саптарын да жасайды.

Дереккөздер

Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Category:Rhinocerotidae