Әбу Хамид әл-Ғазали

мұсылман ғалым, ойшыл-пәлсапашы, сопы
(Әл-Ғазали бетінен бағытталды)

Әбу Мұхаммад әл-Ғазали Әбу Хамид Мұхаммад бин Мұхаммад ат-Туси әл-Ғазали (1058 — 1111) — аса ірі діндар, философ және факихші (мұсылмандық құқық білімпазы). Тус қаласында (Хорасанда) туған, Нишапурда әл-Джувейнидің ( имам әл-Харамайн) шәкірті болған. Ұстазы қайтыс болған соң, 1085 жылдан бастап салжұқ уәзірі Низам әл-Мүлктің жанында болады. Ол мұны 1091 ж. Бағдатта өзі негізін қалаған Низамия медресесіне фикхтан дәріс беретін ұстаз етіп тағайындайды. 1095 ж. исмаилиттер Низам әл-Мүлкті өлтіргеннен кейін Әбу Мұхаммад әл-Ғазали қажылық сапарды сылтау етіп, Бағдатты тастап кетеді де, 11 жыл бойы Шамда (Дамаск), Туста т.б. бірқатар қ-ларда болады. 1106 ж. Низам әл-Мүлктің ұлы Фахр әл-Мүлктің (салжұқ сұлтаны Санжардың тұсындағы уәзір) шақыруымен Нишапурдағы Низамийа медресесінде сабақ бере бастайды. Қайтыс болардан аз ғана бұрын туған жері Тусқа қайтып оралады.

Әбу Мұхаммад әл-Ғазали адамдарды танымдық қабілеттері бойынша “қалың бұқара” (әл-һамма, әл-һауамм) және “таңдаулылар” (әл-хасса) деп екі топқа бөлді. Діни дәстүрлер соңынан көзсіз еретін қарапайым қауым мен ислам қағидаларын қорғаумен ғана шектелетін мутакалимдерді ол алғашқы топқа жатқызды. 2-сіне — ең алдымен сенімді дәлелдер мен дәйектемелер көмегі арқылы ақиқатқа жетуге тырысатын философтарды ендірді. Сонымен қатар “таңдаулылар” қатарына тұрмыс-тіршілік мәнін логикалық қисындардан бұрын түйсік арқылы түсінетін сопылар да кіргізілді. Әбу Мұхаммад әл-Ғазали сопылықтың өзін-өзі жетілдіру бағытынан оның пайдалы жақтарын көрді, бірақ сопылар ұсынған құдаймен онтологиялық бірлікке жету бағдарын теріске шығарды. Өйткені ол “бірлікке жетуді” ең жоғары танымдық күш-қуат — зерде түйсігі арқылы құдіретті пайымдау нышаны ретінде ғана таныды. Әбу Мұхаммад әл-Ғазали бірқатар шығармаларында әлемнің мәңгілігі проблемалары, себептілік теориясы т.б. бойынша мұсылман философтарымен, Шығыс аристотелшілері өкілдерімен (Әбу Наср әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина т.б.) пікірталасты өрістетті. Философтар көзқарастарына түсініктер жазып, олардың іс жүзінде мұсылман әлеміне таралуына себепкер болды. Ол өзінің басты еңбегі “Ихйа улум әд-динде” (“Діндегі ғылым сәулесі”) діни-филос., этика қағидаларын саралап, онда суннит дәстүршілдігі қағидаларын сопылық түсініктермен үйлестірді (мысалы, шариғатта көрсетілген ғұрыптарды сопылық дәстүрлермен толықтырды). Адам еркі мен жазмыш туралы мәселеде Әбу Мұхаммад әл-Ғазали “таңдап алу” ұғымын (касбаны) дамытады, оған сәйкес адам Алланың ұсынған жақсы-жаман әрекеттерінен өзіне қажетін таңдап алуына ерікті екендігін, бірақ соған орай жауап та беретіндігін айтады. Әбу Мұхаммад әл-Ғазали мұсылмандық ақыл-ойдың дамуына, сондай-ақ орта ғасырлық еуропалық философияға зор ықпал жасады. Әбу Мұхаммад әл-Ғазалиды әдетте худжжат әл-ислам (ислам дәйекшісі) деп атайды.[1]

Дереккөздер


🔥 Top keywords: Мәңгілік бала бейнеАбай ҚұнанбайұлыТабиғи ресурстарды ұтымды пайдалануШоқан Шыңғысұлы УәлихановТәуелсіз Мемлекеттер ДостастығыҚазақстанБауыржан МомышұлыҚазақстан географиясыҒылыми-техникалық революцияСемей полигоныБасты бетҚазақстанның экологиялық проблемаларыҰлы Жібек жолыБактерияларЭкологиялық жүйеҚазақстанның сыртқы саясатыҚазақстандағы туризмБіріккен Ұлттар ҰйымыЖалпы Ұлттық ӨнімШанхай Ынтымақтастық ҰйымыДүниежүзі елдерін даму деңгейі бойынша топтастыруПопуляцияШәкәрім ҚұдайбердіұлыМемлекеттік басқару формасы бойынша елдер тізіміҚожа Ахмет Ясауи кесенесіЖалпы ішкі өнімБесеудің хатыЕкінші дүниежүзілік соғысСырым Датұлы бастаған қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысыҚазақстанның географиялық орны мен шекараларыДамушы елдерХалықаралық ұйымдарЫбырай АлтынсаринЭкологиялық проблемаАрнайы:ІздеуБайқоңыр (ғарыш айлағы)Қаныш Имантайұлы СәтбаевВирустарТуризм