АИВ/ЖИТС

АИВ инфекциясы тудырған дертті жағдай

Адамның иммунтапшылық вирусы инфекциясы және жұқтырылған иммунтапшылығының синдромы (АИВ/ЖИТС) — адамның иммунтапшылық вирусы (АИВ) қоздырған инфекцияның организмге әсерінен дамитын дертті жағдай.[7][8][9] Инфекция жұқтырған адамда ешбір ауру белгілері байқалмауы не қысқа мерзімді тұмау тәрізді синдром белгілері пайда болуы мүмкін.[4] Әдетте, инфекцияның симптомсыз кезеңі ұзаққа созылады.[10] Ауру үдеген жағдайда адамның иммунды жүйесі әлсіреп, туберкулез секілді көп кездесетін, сондай-ақ иммунитет қызметі қалыпты адамдарда бола бермейтін оппортунис инфекциялар мен ісіктер пайда болуы мүмкін.[4] Инфекцияның аталған кеш белгілерінің жиынтығын жүре пайда болған иммунитет тапшылығы синдромы (ЖИТС) деп атайды.[10] Әдетте, бұл саты адамның өте қатты жүдеуімен қатар жүреді.[10]

АИВ/ЖИТС
Басқа атауларыАИВ ауруы, АИВ инфекциясы, АИТВ инфекциясы, АҚТҚ/ЖҚТБ[1][2]
Қызыл бау АИВ-оң және ЖИТС-пен өмір сүретін адамдарға ниеттестік білдіру нышаны.[3]

Қызыл бау АИВ-оң және ЖИТС-пен өмір сүретін адамдарға ниеттестік білдіру нышаны.[3]

СалаИнфекциялық ауру
СимптомдарыЕрте: Тұмау тәрізді синдром[4]
Кештеу: лимфа түйіндерінің ұлғаюы, қызба, салмақ тастау[4]
АсқынуларыОппортунистік инфекциялар, өспе[4]
ҰзақтығыӨмір бойы[4]
СебептеріАдамның иммунтапшылық вирусы (АИВ)[4]
Қауіп факторларыВирус қан, ана сүті, қорғаусыз жыныстық қатынас арқылы беріледі[4]
Диагностика әдісіҚан талдамасы[4]
Алдын алуқорғаулы жыныстық қатынас, ине алмасу, сүндеттеу, жұқтыруға дейінгі және кейінгі профилактика[4]
ЕміАнтивирусты дәрілер[4]
БолжамыЕм жүргізілсе, қалыпты өмір сүреді, ал жүргізілмеген жағдайда 11 жыл[5]
Жиілігі1.7 млн жаңа жағдай (2018)
37.9 млн адам АИВ-пен өмір сүруде (2018)[6]
Өлім770,000 (2018)[6]

АИВ бірінші кезекте қорғаусыз секс (анал және орал сексі кезінде де қан, былазық, шәует, қынап шырышы арқылы), жұқтырылған қан құю, теріасты инъекцияға арналған ине арқылы, сондай-ақ жүктілік, босану не емізу кезінде анадан балаға беріле алады.[11] Вирус сілекей, тер, жас секілді дене сұйықтығы арқылы адамнан адамға берілмейді.[12]

Алдын алу шаралары: қорғаулы секс, ине алмасу бастамасы (қолданылған инені жаңасына тегін алмастыру), жұқтырғандарды емдеу, жұқтыруға дейінгі және кейінгі профилактика және ерлерді сүндеттеу.[4] Аурудан толық айықтыратын дәрі не вакцина жоқ; десе де, антиретровирусты терапия ауру ағымын баяулатып, өмір сүрудің әдеттегі ұзақтығына әкелуі мүмкін.[10][13] Диагноз қойылған сәттен бастап, емдеуді бастау ұсынылады.[14] Ауру жұқтырған адам емделмесе, шамамен 11 жыл өмір сүреді.[5] Анасына да, балаға да антиретровирусты терапия жүргізу арқылы нәрестеде аурудың дамуын алдын алуға болады.[4]

2018 жылы әлемде шамамен 37,9 миллион адамның статусы — АИВ – оң болып, оның 770 000 қайтыс болған.[6] Жұқтырғандардың 20,6 миллионға жуығы Африканың шығысы мен оңтүстігінде тұрады.[15] ЖИТС анықталғаннан бастап (XX ғасырдың 80 жылдары), 2018 жылға дейін бұл аурудан 32 миллион адам көз жұмды.[6] 2019 жылғы дерек бойынша Қазақстанда (орыс.) 24 мыңнан астам адам АИВ жұқтырған.[16] АИВ/ЖИТС — пандемия, яғни өте ауқымды аймаққа белсенді түрде таралуда.[17] АИВ алғаш рет XIX ғасыр соңында не XX ғасыр басында, Орталық-батыс Африкада пайда болған деген болжам бар.[18] ЖИТСті алғашқы болып, 1981 жылы АҚШ Ауруды бақылау және болдырмау орталықтары (ағылш. Centers for Disease Control and Prevention, CDC) анықтаған, ал оның себебі — АИВ жұқпасы екені онжылдықтың басында мәлім болған.[19]

АИВ/ЖИТС қоғамға дерт ретінде де, дискриминация түрі ретінде де үлкен ықпалын тигізді.[20] Сондай-ақ аурудың экономикаға да ықпалы аз емес.[20] АИВ/ЖИТС жайлы "ауру күнделікті тұрмыстық қарым-қатынаста берілуі мүмкін" деген секілді жаңсақ түсініктер де өте көп.[21] Католик шіркеуі үрпекқапты аурудан сақтану үшін пайдалануды қолдамайтыны белгілі, сондықтан бұл ауру осы секілді көптеген дінге қатысты дау-дамайға да арқау болып отыр.[22] 1980 жылдары анықталғаннан бері АИВ/ЖИТС әлем медицинасы мен саясатының назарын өзіне аударып, үлкен қаржыландыруды талап етуде.[23]

Белгілері мен симптомдары

АИВ инфекцияның үш негізгі сатысы бар:

  1. жіті инфекция
  2. жасырын саты
  3. ЖИТС.[1][24]

Жіті инфекция

Жіті АИВ инфекциясының негізгі симптомдары

АИВ жұқтырғаннан кейінгі алғашқы кезең — жіті АИВ, бастапқы АИВ немесе жедел ретровирустық синдром деп аталады.[24][25] Көбіне жұқтырғаннан 2-4 апта өткеннен кейін адамда тұмау тәрізді не мононуклеоз тәрізді синдром дамуы мүмкін, ал кейбірінде еш симптом байқалмайды.[26][27] Барлық жағдайдың тек 40–90% симптомдар көрініс беруі мүмкін. Жиі кездесетіндері: қызба, лимфа түйіндерінің ұлғайып, ауырсынуы, тамақ қабынуы, бөртпелер, бас ауырсынуы, шаршағыштық және/не ауыз бен жыныс мүшелеріндегі жаралар.[25][27] Бөртпе 20–50% жағдайда кездесуі мүмкін. Әдетте, ол кеудеге дақ не көпіршік түрінде шығады.[28] Кей адамдарда осы сатының өзінде оппортунис инфекциялар (иммунитеті қалыпты жұмыс істейтін адамдарда ауру туғызбайтын шартты патогенді флора қоздыратын инфекциялар) дамиды.[25] Бұдан бөлек лоқсу не диарея сынды асқазан-ішек белгілері көрініс беруі мүмкін.[27] Жүйке жүйесі тарапынан шеткері нейропатиялар мен Гийен–Барре синдромы дамуы мүмкін.[27] Симптомдардың ұзақтығы әртүрлі болады, бірақ, әдетте, бір не екі аптаға созылады.[27]

Аталған симптомдар тек осы ауруға тән болмағандықтан (бейспецификалық симптомдар), көп жағдайда АИВ инфекциясының белгілері деп қарастырылмайды. Отбасы дәрігері не аурухана дәрігері аталған симптомдарды көрсе де, көбіне жиі кездесетін инфекциялық аурулардың бірін диагноз ретінде қате қойып жатады. Сондықтан инфекция жұқтыру қаупі бар адамда себебі белгісіз қызба анықталса, АИВ инфекциясын да ескерген дұрыс.[27]

Жасырын саты

Бастапқы симптомдар көрініс бергеннен кейін жасырын саты, симптомсыз АИВ не созылмалы АИВ деп аталатын кезең басталады.[1] Ем жүргізілмесе аталған саты АИВ инфекциясына тән ағыммен 3 жылдан[29] 20 жылға[30] дейін созылуы мүмкін (орта есеппен, 8 жыл).[31] Әдетте, бастапқы кезде симптомдар аз не мүлдем болмағанымен, осы сатының соңында көбі қызбаға, жүдеуге, асқазан-ішек аурулары мен бұлшықет аурысынуына шағынады.[1] АИВ жұқтырған адамдардың 50–70% бірнеше топ лимфа түйіндерінің себебі белгісіз, ауырсынусыз ұлғаюымен сипатталатын тұрақты генерализацияланған лимфаденопатиясы дамиды.[24] Әдетте ол үш айдан алты айға дейін созылуы мүмкін.

Вирус титрі жоғары әрі ем қабылдамайтын АИВ-1 жұқтырған адамдарда көбіне ЖИТС дамығанмен, кей бөлігінде (шамамен 5%) антиретровирусты терапия жүргізбегеннің өзінде CD4+ T жасушаларының (Т-хелперлер) қалыпты деңгейі бес жылдан да көп сақталуы мүмкін.[27][32] Бұндай адамдарды "АИВ бақылаушылары" не ұзақ мерзімді нонпрогессорлар деп атайды (ағылш. Long-term nonprogressor, LTPN).[32] Ал антиретровирусты терапия жүргізбегеннің өзінде вирус титрі төмен не мүлде анықталмайтын адамдар тобын "дегдар бақылаушылар" не "дегдар супрессорлар" деп атайды. Шамамен АИВ жұқтырған 300 адамның біреуі осы топқа жатады.[33]

Жүре пайда болған иммунтапшылық синдромы

ЖИТСтің негізгі симптомдары
Капоши саркомасы

Жүре пайда болған иммунтапшылық синдромы (ЖИТС) деп бір микролитр қандағы CD4+ T жасушаларының саны 200-ден төмен болуынан немесе АИВ инфекциясына тән аурулардың дамуынан пайда болған жағдайды айтамыз.[27] Ем жүргізілмесе, АИВ жұқтырған адамдардың жартысына жуығы он жыл ішінде ЖИТСке шалдығады.[27] Адамда ЖИТС бар екенін айқындайтын ең жиі кездесетін жағдайлар: пневмоцист қоздырған пневмония (40%), АИВ кезіндегі жүдеу синдромы түріндегі кахексия (20%) және өңеш кандидозы.[27] Сондай-ақ тыныс алу жолдарының инфекциясы да күдік туғызуға негіз бола алады.[27]

Оппортунис инфекциялар — қалыпты жағдайда иммунды жүйе тарапынан бақыланатын бактериялар, вирустар, саңырауқұлақтар мен паразиттер қоздыратын жұқпалы аурулар тобы.[34] Дамуы мүмкін инфекция түрі адамның қоршаған ортасында кездесетін қоздырғышқа байланысты[27] Бұл жұқпалар кез келген мүшелер жүйесін зақымдауы мүмкін.[35]

ЖИТСке шалдыққан адамда Капоши саркомасы, Бөркит лимфомасы, орталық жүйке жүйесінің біріншілік лимфомасы және жатыр мойны обыры секілді вирусты обыр ауруларының даму қаупі артады.[28] Капоши саркомасы АИВ жұқтырған адамдардың 10-20%-да дамитын, ең жиі кездесетін обыр түрі.[36] Ең жиі кездесетін екінші обыр түрі — лимфома; ЖИТСке шалдыққандардың 16% осы обырдан қайтыс болған, сондай-ақ ол 3-4% жағдайда ЖИТСтің алғашқы көрінісі болады.[36] Аталған екі обыр да адам герпесвирусының 8-түрімен (HHV-8) бірлесе дамиды.[36] Жатыр мойны обыры да адам папиломавирусымен бірлесе дамуына байланысты ЖИТСі бар адамдар осы дертке жиі шалдығады.[36] Бұл адамдарда конъюнктива обыры да айтарлықтай жиі кездеседі.[37]

Сондай-ақ ЖИТСі бар адамдарда қызба, тершеңдік (әсіресе түнде), лимфа түйіндерінің ұлғаюы, қалтырау, әлсіздік және еріксіз салмақ жоғалту секілді жүйелі симптомдар да анықталады.[38] ЖИТСтің келесі жиі кездесетін симптомы – диарея, ол 90% жағдайда көрініс береді.[39] Бұдан бөлек бұл адамдарда оппортунис инфекциялар мен обырға қатысы жоқ психикалық және неврологиялық белгілер де анықталуы мүмкін[40]

Трансмиссия

Инфекция көзімен жұқтыру жолы бола алатын әрекетке бару кезінде АИВ жұқтыру қаупінің орташа деңгейі
Жұғу жолыЖұқтыру қаупі
Қан трансфузиясы90%[41]
Босану (балаға)25%[42]
Ортақ ине қолдану0.67%[41]
Қолданылған инеден жарақат алу0.30%[43]
Анал секс (қабылдаушы)**0.04–3.0%[44]
Анал секс (енгізуші)**0.03%[45]
Қынаптық секс (қабылдаушы)*0.05–0.30%[44][46]
Қынаптық секс (енгізуші)*0.01–0.38%[44][46]
Орал секс (қабылдаушы)0–0.04%[44]
Орал секс (енгізуші)0–0.005%[47]
* жыныстық қатынасқа мүшеқапсыз түскенде
§ Деректер қабылдаушы да енгізуші де ер
болғандағы статистиканы көрсетеді

АИВ берілуінің үш негізі жолы белгілі: жыныстық қатынас, дене сұйықтығы не тіндері арқылы, сондай-ақ жүктілік, босану немесе емізу кезінде анадан балаға (тікесінен берілу).[11] Егер қан араласпаса, нәжіс, мұрын секрециясы, сілекей, қақырық, тер, көз жасы, зәр немесе құсық арқылы АИВ жұқтыру қаупі болмайды.[48] Адам АИВтың бірнеше штаммын қатар жұқтыруы мүмкін, бұл жағдай АИВ суперинфекциясы деп аталады.[49]

Жыныстық қатынас

АИВтың ең жиі жұғу жолы — инфекция жұқтырған адаммен жыныстық қатынасқа түсу.[11] Алайда, ұзақ уақыт емделудің нәтижесінде вирус титрі анықталмайтын деңгейге жеткен адам АИВты жыныстық жолмен өзгеге жұқтырмайды.[50][51] Әлемде АИВ таралуының ең жиі жолы — әр жынысты адамдар арасындағы жыныстық қатынас;[11] дегенмен, негізгі берілу жолдары әр мемлекетте әр түрлі. Мысалы, Қазақстанда бірінші орынға инфекцияның гетеросексуалдар арасындағы жыныстық қатынас жолымен берілуі шығып отыр[16]. 2017 жылы АҚШтағы АИВ жұқтыру жағдайларының көбі – ерлермен жыныстық қатынасқа түсетін ерлер арасында болғаны анықталған (жаңадан АИВ жұқтырған 13 жастан асқан ер адамдардың 82% және жалпы жаңадан жұқтырғандардың 70%).[52][53] АҚШ-та 13-24 жастағы гейлер мен бисексуалдар сол жас тобындағы жаңадан АИВ жұқпасын жұқтырған ер адамдардың 92%-ын, ал барлық гей мен бисексуал ерлердің 27%-ын құрайды.[54] АҚШта гейлер мен бисексуалдардың шамамен 15%, ал трансгендер әйелдердің 28% АИВ статусы – оң.[54][55]

Қорғаусыз гетеросексуал қатынасқа келер болсақ, жыныстық акт кезінде АИВтың берілу қаупі табысы төмен елдерде 4-10 есе жоғары.[56] Аталған елдерде вирустың әйелден ер адамға берілу қаупі — әр актте 0,38%, ал ерден әйелге берілу қаупі — әр актте 0,30% құрайды; табысы жоғары елдер үшін әйелден ерге берілуі 0,04%, ал ерден әйелге берілуі 0,08% құрайды.[56] Әсіресе, анал сексі арқылы берілу қаупі жоғары: гетеросексуал болсын, гомосексуал болсын, анал сексі кезінде әр актте берілу қаупі 1,4-1,7% құрайды.[56][57] Орал секс жолымен берілу қаупі салыстырмалы түрде төмен болғанымен, жоғалып кетпейді.[58] Ауыз арқылы жыныстық қатынасқа түсуде инфекция жұқтыру қаупі «шамамен нөл» деп бағаланады;[59] дегенмен, осы уақытқа дейін бұл секс түрімен жұғу жайлы бірнеше жағдай хабарланған.[60] Орал сексте қабылдаушы үшін қауіп 0–0,04% деңгейінде бағаланады.[61] Табысы аз елдердегі жезөкшелік деңгейіне қарай вирустың әйелден ерге берілу қаупі — әр актте 2,4%, ал ерден әйелге берілу қаупі — әр актте 0,05% деп бағаланады.[56]

Трансмиссия қаупі адамда жыныстық жолмен берілетін инфекциялар[62] мен жыныс мүшесінде жара болған кезде жоғарылайды.[56] Жыныс мүшелеріндегі жара қауіпті шамамен бес есе арттырады.[56] Гонорея, хламидиоз, трихомониаз және бактериялық вагиноз сияқты жыныстық жолмен берілетін басқа да инфекциялар берілу қаупін аздап жоғарылатады деп есептеледі.[61]

Жұқтырған адамның вирус титрі жыныстық жолмен қатар, анадан балаға берілу кезінде де маңызды қауіп факторы боп саналады.[63] АИВ инфекциясының алғашқы 2,5 айында жіті АИВ салдарынан қандағы вирус титрінің жоғары болуына байланысты жұққыштығы он екі есе,[61] ал инфекцияның соңғы сатыларында шамамен сегіз есе артады.[56]

Коммерциялық секс-қызметкерлерінің (порнографияны қоса алғанда) АИВ жұқтыру ықтималдығы жоғары.[64][65] Дөрекі жыныстық қатынас та жұқтыру қаупін жоғарлататын фактор болуы мүмкін.[66] Сондай-ақ жыныстық зорлық-зомбылық АИВ жұқтыру қаупінің жоғарылауына алып келеді, үйткені зорлау кезінде мүшеқап сирек қолданылады, қынапты не тік ішекті жарақаттау қаупі де жоғары, сонымен қатар жыныстық жолмен берілетін басқа да инфекцияларды жұқтыру қаупі артады.[67]

Дене сұйықтығы

Есірткі қабылдауда ЖИТС жұқтыру қаупін көрсететін постер

АИВты жұқтырудың екінші бір жолы — қан және оның компоненттерін енгізу не құю.[11] Есірткіні тамырға енгізу үшін ортақ ине қолдану, қолданылған инеден жарақаттану, қан немесе қан компоненттерін құю кезінде, не залалсыздандырылмаған құрал-жабдықпен медициналық инъекция жүргізу кезінде АИВ берілуі мүмкін. Ортақ қолданылған инеден жұғу ықтималдығы – бір қолданғанда 0.63-2.4%, ал орташа есеппен 0.8%-ды құрайды.[68] АИВ–оң адам қолданған инеден жарақат алған кезде, АИВпен инфекциялану қаупі – шамамен 0.3% (333 жағдайда 1), ал шырышты қабық арқылы инфекцияланған қаннан жұғу қаупі – 0.09% (1000 жағдайда 1).[48] Дегенмен, қандағы вирус титрі жоғары не жарақат терең болса, қауіп 5%-ға дейін артуы мүмкін.[69] АҚШ-та 2009 жылдағы жаңа инфекциялану жағдайларының 12% тамырішілік есірткі егетіндер құрады,[70] ал кей аймақтарда есірткі қабылдайтындардың 80% көбі АИВ жұқпасын жұқтырған.[11]

Инфекцияланған қанды құю кезінде жұғу қаупі – 93%.[68] Дегенмен, дамыған мемлекеттерде қан құюдан жұқтыру қаупі өте төмен (500,000 жағдайдан біреу), себебі донорлардың барлығы АИВқа тексеріледі;[11] мысалы, Ұлыбританияда гемотрансфузия арқылы АИВ жұқтыру қаупі – бес миллионнан бір,[71] ал 2009 жылы АҚШта бұл көрсеткіш 1.5 миллионнан бір болды.[72] 2008 жылғы мәліметтер бойынша, табысы төмен елдерде тек донорлардың жартысы ғана АИВқа тексеріледі және бұл аймақтарда АИВ жұқтыру жағдайларының 15% қан мен қан компоненттерін құю кезінде жұқтырған.[73] Бұл әлемдегі инфекцияланудың 5-10% құрайды.[11][74] АИВ ағза тіндері мен мүшелер трансплантациясы кезінде де жұғуы мүмкін, дегенмен барлық донорлар АИВқа тексерілуіне байланысты, жұғу қаупі өте төмен.[75]

Сақтанусыз медициналық инъекция жүргізу – Африкадағы АИВтың таралуында үлкен рөл атқарады. 2007 жылы осы аймақтағы барлық туындаған инфекциялардың 12-17% медициналық шприцтерді бұрыс қолдану себеп болған.[76] Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше Африкадағы медициналық инъекция жасауда инфекцияның берілу қаупі – 1,2%.[76] Бұл аймақта жүргізілетін инвазиялы процедуралар, босандыру жұмыстары және тіс емдеуде де санитария талаптары дұрыс орындалмағандықтан, вирустың таралу қаупін арттырып отыр.

Тату, пирсинг, тыртық жасаушы және жасатушы теория жүзінде АИВ жұқтыруы мүмкін, бірақ ондай жағдайлар әлі тіркелмеген[77]. Маса не басқа жәндіктер АИВ тасымалдай алмайды.[78]

Анадан балаға

АИВ жүктілік, босану, емізу кезінде анадан балаға жұғуы мүмкін.[11][79] 2008 жылғы мәлімет бойынша тікесінен берілу (анадан балаға) балалардағы АИВ инфекциясының 90% себеп болған.[80] Егер емдеу жүргізілмесе, босану не жүктілік кезінде вирустың берілу қаупі – 20% шамасында, ал емізу арқылы берілу қаупі – 35%. Емдеу бұл қауіпті 5%-дан төмен көрсеткішке дейін төмендетеді.[81]

Антиретровирусты препараттарды ананың не баланың қабылдауы емізу кезіндегі берілу қаупін төмендетеді.[82] Балаға тамақты шайнап беру кезінде тамаққа қан түсетін болса, вирус балаға жұғуы мүмкін.[77] Әйел адам емделмесе, екі жыл емізу АИВ/ЖИТСтың нәрестеге жұғу қаупін 17%-ға жоғарлатады.[83] Дамушы елдердің көптеген аймақтарында ана сүтін ембегендер өлімінің жоғарылауына байланысты дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы нәрестеге тек ана сүтін не құрамы қауіпсіз қоспалар беруді ұсынады.[83] Сондықтан, бала сүйгісі келетін әрбір АИВ–оң әйел өмір бойы антиретровирусты препараттар қабылдауы тиіс.[83]

Вирусология

Толық мақаласы: АИВ
АИВ вирионының құрылысы
Дақылдандырылған лимфоциттен алынып, жасыл түске боялған АИВ-1 микросуреті

Адамның иммунтапшылық вирусы АИВ/ЖИТС деп аталатын дертті жағдайды қоздырады. АИВ CD4+ T жасушалары, макрофагтар мен дендрит жасушалары секілді иммунды жүйе компоненттерін зақымдайтын ретровирус. Ол CD4+ T жасушаларын тікелей және жанама түрде зақымдап, жояды.[84]

АИВ Retroviridae[85] тұқымдасының Lentivirus[86] тегіне жатады. Лентивирустардың бірнеше морфологиялық және биологиялық ерекшеліктері бар. Әдетте олар көптеген сүтқоректілерде ұзаққа созылатын және инкубация кезеңі ұзақ болатын инфекция тудырады[87] Лентивирустар бір жіпшелі, оң–мәнді, РНҚ құрамды вирус түрінде таралады. Нысана жасушаға енгеннен кейін РНҚ геномы вирион құрамында болатын, вирустың өзі кодтайтын кері транскриптаза көмегімен қос жіпшелі ДНҚға айналады (кері транскрипция). Нәтижесінде жаңа түзілген вирусты ДНҚ жасуша ядросына еніп, вирустың өзі кодтайтын интеграза ферменті және ко-фактор көмегімен қожайын ДНҚсына интеграцияланады.[88] Интеграцияланған вирус жасырынып қала алады, осылайша оны иммунды жүйе жасушалары анықтай алмайды.[89] Не болмаса вирус бірден транскрипцияланып, жаңа РНҚ геномы мен вирус нәруызы синтезделіп шығады. Олар өз кезегінде топтасып, жаңа вирион түрінде жасушадан шығып, репликация айналымын жаңадан бастайды.[90]

АИВ CD4+ T жасушасынан келесісіне екі түрлі жолмен беріледі: жасушасыз берілу және жасушааралық берілу, яғни олар аралас берілу механизмін қолданады.[91] Жасушасыз берілу түрінде вирион жұқпаланған Т жасушадан қанға не жасушадан тыс сұйықтыққа шығып, келесі Т жасушамен кездейсоқ соқтығысқанда беріледі.[91] АИВ сонымен қатар бір жасушадан екінші жасушаға жасушааралық берілу арқылы да таралуы мүмкін.[92][93] Аралас берілу механизмі вирустың әрдайым репликацияланып отыруына септігін тигізеді, сол себепті антиретровирусты терапия өмір бойы жүргізіледі.[91][94]

Әзірге АИВтің екі түрі сипаталған: АИВ-1 және АИВ-2. Алғашқы болып АИВ-1 сипатталған (бастапқыда лимфаденопатия тудыратын вирус (LAV) және адамның Т-лимфотропты вирусының III түрі (HTLV-III) деп аталған). Бұл вирустың вируленттігі мен жұқпалығы жоғары,[95] сондай-ақ әлемдегі анықталған АИВ жұқпасының көбін дәл осы вирус қоздырған. Қоздырғышы АИВ-2 деп расталған жағдайлар саны аз болуына байланысты АИВ-2 жұқпалығы АИВ-1-ден төмен деп саналады, сол себепті ол тек Батыс Африка аймағында ғана таралған[96]

Патофизиология

АИВ/ЖИТС жайлы жеңіл түсініктеме (қазақша субтитрмен)
АИВ инфекциясының патогенез сызбасы

Вирус организмге енгеннен кейін өте жылдам көбейіп, шеткері қандағы вирус титрі артады. Инфекцияның бастапқы сатысында бір миллилитр қанның өзінде бірнеше миллион вирион болады.[97] Осы кезде CD4+ T жасушаларының мөлшері күрт кемиді. Жедел виремия АИВ зақымдаған жасушаларды өлтіретін CD8+ T жасушаларының белсенуін және антиденелердің түзілуін (сероконверсия) шақырады. Бірінші шарықтап, кейін CD4+ T жасушаларының қайта қалпына келуіне қарай төмендейтін вирус деңгейін (титр) бақылауда CD8+ T жасушаларының белсенуі маңызды рөл атқаратыны белгілі. CD8+ T жасушаларының жақсы жауабы вирусты жоймаса да, аурудың ағымын баяулатып, болжамды қолайлы етеді.[98]

Соңында АИВ CD4+ T жасушаларының санын өте қатты азайтып, ЖИТСтің туындауына алып келеді. Бұл иммунды жүйенің әлсіреуіне әкеліп, адамда оппортунис инфекциялар дамиды. Т-жасушалары иммунды жауап үшін өте маңызды; оларсыз организм не инфекцияға, не қатерлі ісік жасушаларына қарсы күрес жүргізе алмайды. CD4+ T жасушаларының сарқылуы – инфекцияның жіті және созылмалы сатыларында ерекше байқалады.[99] Жіті саты кезінде АИВ зақымдаған жасушалар лизисі мен CD8+ T жасушаларының жұқпаланған жасушаларды өлтіруі – CD4+ T жасушаларының сарқылуына алып келеді, сондай-ақ бұл жерде апоптоздың да маңызы бар. Созылмалы саты кезінде жалпыланған иммунды белсену мен иммунды жүйенің Т жасушаларын синтездеу қабілетінің біртіндеп төмендеуінің салдарынан CD4+ T жасушаларының саны баяу кемиді.[100]

ЖИТСке тән иммунтапшылық симптомдары вирус жұқтырған адамда бастапқы жылдарда көрініс бермегенімен, CD4+ T жасушаларының негізгі бөлігі инфекцияның алғашқы апталарда жойылады. Әсіресе лимфоциттері көп болатын ішек шырышындағы жасушалар көптеп жойылады.[101] Шырыштағы CD4+ T жасушаларының басымырақ жойылуына себеп – шырыштағы CD4+ T жасушаларының CCR5 нәруызын экспрессиялауы. АИВ осы нәруызды жасушамен байланыс орнату үшін ко-рецептер етіп қолданады. Ал қандағы CD4+ T жасушаларында бұл нәруыз болмағындықтан, оларды қолдана алмайды.[102] CCR5 нәруызын кодтайтын генге арнайы өзгерістер енгізу арқылы АИВ-1 инфекциясының алдын алуға болады.[103]

Жіті инфекция кезінде АИВ CCR5 экспрессиялаушы CD4+ T жасушаларын іздеп, жояды.[104] Белсенді имунды жауап ақырында инфекцияны басқарып, клиникалық жасырын сатының басталуын мүмкін етеді. Жоғарыда айтылғандай, нысанаға көбіне шырышты қабатта болатын CD4+ T жасушалары алынады.[104] АИВтің тұрақты репликациясы созылмалы сатады да сақталатын иммунды жүйенің жалпыланған белсенуіне әкеледі.[105] Иммунды жасушалардың белсенуі мен қабынуалды цитокиндерінің босап шығуы арқылы көрінетін иммунды белсену АИВ генінің белсенділігі мен АИВ репликациясына қарсы иммунды жауап нәтижесінде туындайды. Сондай-ақ бұған аурудың жіті сатысы кезінде шырыштағы CD4+ T жасушаларының сарқылуы салдарынан асқазан-ішек жолдарының иммунды тосқауылының бұзылуы да әсер етеді.[106]

Диагностика

Инфекция жұқтырғаннан соңғы сатыға дейін вирус титрі мен CD4+ T жасушаларының санының өзгеруін көрсететін график.
 
CD4+ T лимфоциттерінің саны (жасуша/мкм)
 
1 мл қан плазмасындағы АИВ РНҚ көшірмесі
Сынақтың дәл болуы үшін жұқтырғаннан кейін өтуі керек күндер[107]
Қан талдауКүн
Антиденеге тест (жедел тест, 3-буын ИФТ)23–90
Антидене және p24 антигеніне тест (4-буын ИФТ)18–45
ПТР10–33

АИВ/ЖИТС диагнозы зерханалық зерттеу нәтижесіне және арнайы симптомдар мен белгілерге сүйеніп қойылады.[25] 15 жастан 65 жасқа дейінгі адамдар мен барлық жүкті әйелдер АИВке скринингтен өтіп тұрғаны дұрыс.[108] Сондай-ақ инфекция жұқтыру қаупі бар топтар (оларға жыныс жолдары арқылы берілетін кез келген ауруға шалдыққандарды да жатқызады) тексерістен өтуге тиіс.[28][108] Әлемнің көптеген аймақтарында АИВ–оң адамдар өзінде вирустың барын тек ЖИТС не ауыр иммунтапшылық белгілері көрініс беріп үлгерген кезде, инфекцияның соңғы сатысында аңғарады.[28]

АИВ диагностикасын шартты түрде екі кезеңге бөлуге болады:

  • 4-буынға жататын тест-жүйелер арқылы скриниг жүргізу: Иммунферментті (ИФТ) не иммунхемилюминесценттті талдау (ИХЛТ) әдістерімен вирус антигендерін және АИВке қарсы түзілген антиденелерді анықтау. Бұл әдіс сезімталдығы (99%) мен арнайылығы (99,5%) өте жоғары деп саналады.
  • Иммоноблоттинг жүргізіп, диагнозды нақтылау: Бұл әдіс скрининг-тест нәтижесі оң болған адамдарға жүргізіледі. Әдіс мақсаты — статусы күдікті адамның қанындағы антиденелердің нақты қай АИВ антигеніне түзілгенін анықтау. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының талабы бойынша вирустың үш беткей антигенінің кем дегенде екеуіне қарсы түзілген антидене анықталған жағдайда ғана тексерілуші статусы "оң" деп бағаланады.

АИВ тест

АИВ–оң адамдардың көбінде жұқтырғаннан кейін үш не он екі аптадан кейін арнайы антиденелер (сероконверт) түзіледі.[27] Оған дейінгі кезеңді "терезе кезеңі" деп атайды. Бастапқы инфекцияны сероконверсияға дейін қандағы АИВ РНҚсын не p24 антигенін тексеру арқылы да анықтауға болады.[27] Антиденеге тест не ПТР оң болған жағдайда, қанда басқа антиденелерге тексеріп не қайталап ПТР жасау арқылы нақтылайды.[25]

18 айдан кіші балаларда анасынан алған антиденелердің болуына байланысты антидене тесті дұрыс көрсетпейді.[109] Осылайша АИВ диагнозы тек АИВ РНҚсына не кДНҚсына ПТР, не болмаса p24 антигенін анықтау арқылы қойылады.[25] Көптеген елдерде нәтижесі сенімді ПТР әдісі жасалмайды, сол себепті ауру белгілерінің көрініс беруін не қандағы АИВке түзілген антиденелерді анықтау үшін баланың өсуін күтуге мәжбүр болады.[109]

Шұғыл тест

Шұғыл тест әдістеріне: агглютинация реакциясы, полимерлі мембранадағы ИФТ, иммунологиялық фильтрациялы талдау және иммунхроматография жатады. Тест нәтижесін 15—30 минут ішінде білуге болады. Бұл әдіс, нәтижені дереу білу керек кезде, мысалы: шұғыл түрде операция алдында статус анықтау керек болған кезде өте тиімді әрі ыңғайлы.[110][111] Қазақстанда сілекей арқылы АИВ анықтауға арналған шұғыл тест (AmanBol) қолданылады.

Жіктелуі

Әлемде АИВ пен АИВ қатысты ауруларды жіктеудің екі жүйесі белгілі: ДДСҰ ұсынған АИВ жұқпасын және ауруларын сатылап жіктеу жүйесі[25] және Ауруды бақылау және болдырмауу орталықтары (ағылш. CDC) ұсынған АИВ жұқпасын жіктеу жүйесі.[112] CDC жіктеу жүйесі көбіне дамыған елдерде қолданылады. Дамушы елдерде зертханалық зерттеу жүргізу мүмкіндігі төмен болғандықтан, ДДСҰ ұсынған лабораторлы мәліметтерлі қажет етпейтін жіктеу жүйесін қолдану ыңғайлы. Екі жүйенің айырмашылығы болғанымен, статистика жүргізуде кедергі келтірмейді.[24][25][112]

ДДСҰ жіктемесі

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алғаш рет 1986 жылы ЖИТС анықтамасы мен жіктемесін ұсынды.[25] Содан бері ДДСҰ жіктемесі бірнеше рет жаңартылып, толықтырылған, ең соңғы нұсқасы 2007 жылы жарық көрген:[25]

  • Бастапқы (біріншілік) АИВ инфекциясы: симптомсыз не жіті ретровирусты синдроммен бірлесуі мүмкін.[25]
  • I саты: АИВ инфекциясы симптомсыз жүреді; қандағы CD4+ T жасушаларының саны (CD4 саны деп те аталады) – 1 микролитрде 500 жоғары болады.[25] Бірнеше топ лимфа түйіндері ұлғаю мүмкін (Тұрақты жайылған лимфаденопатия).[25]
  • II саты: Тері мен шырыш қабаттарындағы өзгерістер секілді әлсіз симптомдар мен жоғары тыныс жолдарының қайталамалы инфекциялары. CD4 саны – 500/µl төмен.[25]
  • III саты: бір айдан көп болатын себебі белгісіз созылмалы диарея, өкпе туберкулезі секілді ауыр бактериялық инфекциялар мен CD4 санының 350/µl төмен болуы.[25]
  • IV саты не ЖИТС: ми токсоплазмозы, өңеш, кеңірдек, бронх не өкпе кандидозы, Капоши саркомасы. CD4 саны – 200/µl.[25]

CDC жіктемесі

1993 жылы[113] АҚШ Ауруды бақылау және болдырмау орталықтары клиникалық көрініспен қатар лабораторлы көреткіштерді бағалайтын жіктеу жүйесін әзірлеп шыққан, ол 2008 және 2014 жылдары жаңартылған.[112][114], CDC жіктемесіне сәйкес адамға не АИВ инфекциясы, не ЖИТСтің соңғы сатысы деген диагноз қойылады, А3, В3, С1, С2 және С3 санатына жатқызылғандар ЖИТСі бар деп есепке алынады.

CD4 саны (/мкл, %)Клиникалық санаттар
А — симптомсыз жіті (біріншілік) не ТЖЛП (тұрақты жайылған лимфаденопатия)В — АйқынС — ЖИТС бірлескен аурулар
1. > 500 (> 29 %)А1В1С1
2. 200—499 (> 14—28 %)А2В2С2
3. < 200 (< 14 %)А3В3С3

Әр клиникалық санатқа тән симптомдар:

А: жіті ретровирусты синдром: жайылған лимфаденопатия (ТЖЛП), симптомсыз ағым;
В: ЖИТСтен туындаған кешен синдромы: ауыз қуысы кандидозы, жатыр мойны дисплазиясы, ағза бұзылыстары, белдеме теміреткі, идиопатиялық тромбоцитопения, листериоз, лейкоплакия, шеткі нейропатия;
С: ЖИТС: өкпе не өңеш кандидозы, жатыр мойны обыры, кокцидиоидоз, криптоспоридиоз, цитомегаловирус инфекциясы, герпес қоздырған эзофагит, АИВ-энцефалопатия, гистоплазмоз, изоспороз, Капоши саркомасы, лимфома, микобактериоз, пневмоцистоз, бактериядан болған пневмония, үдемелі көп ошақты лейкоэнцефалопатия, сальмонеллёз.

Алдын алу

Жыныстық қатынас

Үрпекқапты тұрақты пайдалану – АИВ жұқтыру қаупін шамамен 80% төмендетеді.[115] Егер ерлі-зайыптылардың біреуі инфекция жұқтырған болып, бірақ тұрақты түрде үрпекқап қолданса, жұғу қаупі – жылына 1% төмен болады.[116] Әйел үрпекқаптары да дәл осындай көрсеткіш көрсетеді деген растама бар.[117] Африкада жүргізілген зерттеу нәтижесінде қатынасқа түсер алдында құрамында теновир болатын қынаптық гель инфекция жұқтыру қаупін 40% төмендететіні анықталған.[118] Ал ноноксинол-9 спермицидін қолдану керісінше қынап пен тік ішекті тітіркендіретіндіктен, жұқтыру қаупін көбейтеді[119]

Сахара оңтүстігіндегі Африкада гетеросексуал ерлерді сүндеттеу 24 ай ішінде АИВтен сақтау дәрежесін 38%-дан 66%-ға дейін жоғарлатқан.[120] Осы зерттеу сүйеніп, 2007 жылы ДДСҰ мен UNAIDS АИВ деңгейі жоғары аймақтарда инфекцияның әйелден ерге берілуінің алдын алу әдісі ретінде еркектерді сүндетке отырғызуды ұсынды.[121] Әйтсе де бұл әдіс инфекцияның ерден әйелге берілуінен қорғайтыны әлі де дауға арқау болып отыр,[122][123] сондай-ақ дамыған елдерде және ермен жыныстық қатынасқа түсетін ерлерде аталған әдістің тиімділігі анықталмаған.[124][125][126] Дегенмен Халықаралық вирусқа қарсы қоғам (ағылш. The International Antiviral Society) жыныстық қатынасқа түсетін барлық гетеросексуал ерлерді сүндеттеуді ұсынады, сондай-ақ ермен жыныстық қатынасқа түсетін ерлерді де сүндеттеу мәселесін көтеріп жір.[127] Кей сарапшылар сүндеттелген ерлер инфекция жұқтыру қаупі төмен дегенге қатты сеніп, ретсіз әрі қорғаусыз жыныстық қатынасқа түсіп, әдістің тиімділігін жоққа шығарады деп қорқады.[128]

Секстен тартынуды қолдайтын бағдарламалар АИВтің кейінгі қаупіне әсер етпеуі мүмкін.[129] Құрдастардан білім алу да профилактикада мардымсыз екені анықталған.[130] Ал мектептегі кешенді жыныстық сауаттандыру қорғанусыз жүрісті төмендетуі мүмкін.[131][132] Жастардың кей бөлігі АИВ/ЖИТС туралы білсе де, АИВ жұқтыру қаупін елемей, қорғаусыз қатынасқа түсіп жатады.[133] Ерікті кеңес беру және АИВке тегін тексеру – нәтижесі теріс болғандардың өмір салтын өзгертуге әсер етпейді, бірақ статусы – оң болғандардың алдағы уақытта үрпекқап қолдануын арттырады.[134] Отбасын жоспарлаудың жетілдірілген қызметтері қарапайым қызметтермен салыстырғанда АИВ бар әйелдердің контрацепция қолдануын ынталандырады.[135] Жыныстық жолмен берілетін басқа да жұқпаларды емдеу АИВтің алдын алудағы тиімділігі әзірге белгісіз.[62]

Жұқтыруға дейінгі

CD4 саны ≤ 550 жасуша/µL адамдарда антиретровирусты терапия жүргізу — серіктесіне АИВ жұқтырудың алдын алады (болдырмас үшін емдеу (БЕ) страдегиясы).[136] БЕ жұқтыру қаупін 10-20 есе төмендетеді.[136][137] Ермен жыныс қатынасына түсетін ерлер, жұбайы АИВ–оң және Африкадағы гетеросексуалдар секілді жұқтыру қаупі жоғары адамдарға жұқтыруға дейінгі профилактика (ЖдП) ретінде теновофирдің тәуліктік дозасын эмтрицитабинмен не бөлек беру – айтарлықтай тиімді екені анықталған.[118][138] Бұл сондай-ақ есірткіні көктамырға егетіндер үшін де тиімді болуы мүмкін. Зерттеу нәтижесі бойынша аталған топта жұқтыру қаупі 100 адамға шаққанда жылына 0.7-ден 0.4-ке дейін төмендеген.[139] 2019 жылы USPSTF жұқтыру қаупі жоғары барлық топтарға ЖдП жүргізуді ұсынған.[140]

Денсаулық сақтау саласындағы әмбебап сақтық шаралары АИВ жұқтыру қаупін төмендетуде тиімді деп саналады.[141] Есірткіні көктамырына енгізетіндерде жұқтыру қаупі жоғары екені белгілі. Ине алмастыру бастамасы мен опиоидты алмастырушы терапияның да осы қауіпті төмендетуде тиімді екені анықталған.[142][143]

Жұқтырудан кейінгі

АИВ–оң адамның қаны не жыныс мүшелерінен бөлінген секрециямен контакт болғаннан кейін 48–72 сағат ішінде антиретровирусты терапия жүргізу жұқтырудан кейінгі профилактика (ЖкП) деп аталады.[144] Зидовудиннің бір агентін қолдану инемен жарақаттануда АИВ инфекциясын жұқтыру қаупін бес есе азайтады.[144] Америка Құрама Штаттарында АИВтің алдын алу үшін тенофовир, эмтрицитабин және ральтегавир беріледі, бұл қауіпті айтарлықтай төмендетеді[145]

Зорлаушы статусы оң не белгісіз болса да, зорланған адамға ЖкП жүргізу ұсынылады.[146] Әдетте, терапия төрт аптаға созылады.[147] Бұған себеп: зидовудин ішкендердің 70% пайда болатын жанама әсер, олар: лоқсу (24%), шаршағыштық (22%), қажу (13%) бас ауырсынуы (9%).[48]

Анадан балаға

АИВтың тікесінен берілуін болдырмау бағдарламалары жұқтыру қаупін 92-99% төмендетуі мүмкін.[80][142] Бұл бағдарламаға сәйкес антиретровирусты терапия жүктілік барысында анасына және босанғаннан кейін баласына жүргізіліп, нәресте ана сүтін емес, шөлмектен тамақтанады.[80][148] Шөлмектен (жасанды) тамақтандыру қолжетімді, қолайлы әрі қауіпсіз болса, барынша ана сүтін бермеген абзал, ал олай болмаса, алғашқы айда тек емшек сүтін беруге болады.[149] Егер нәресте тек ана сүтін емсе, кеңейтілген антиретровирусты профилактика жүргізу қажет, сол арқылы балаға АИВ берілуін төмендетуге болады.[150] 2015 жылы Куба АИВтің анадан балаға берілуін түпкілікті жойған алғашқы ел атанды.[151]

Вакцинация

Қазіргі таңда АИВ не ЖИТСке қарсы лицензия алған вакцина жоқ.[13] Әзірге ең нәтижелі вакцина сынағы 2009 жылы Тайландта жарияланған RV 144 вакцинасы; ол инфекцияның берілуін шамамен 30% төмендеткені белгілі. Бұл көрсеткіш келешекте бұдан да тиімді вакцина ойлап табуға болатынына үміт сыйлайды.[152] RV 144 вакцинасының сынағы әлі де жалғасып жатыр.[153][154]

Емі

Әзірге АИВ инфекциясынан толықтай айықтыратын ем де, оған қарсы вакцина да жоқ. Алайда Жоғары белсенді антиретровирусты терапия (ЖБАРТ) жүргізу ауру ағымын баяулатады.[155] 2010 жылғы мәлемет бойынша табысы орташа және төмен елдерде бұл терапияны 6,6 млн адам жүргізген[156] АРТ оппортунис инфекциялардың алдын алуда, сондай-ақ белсенді емдеуде де тиімді. 2020 жылғы наурыз айында белгілі болған мәлімет бойынша әлемде екі адам АИВ жұқпасынан толықтай айыққан.[157]

Вирусқа қарсы ем

Қазіргі таңда ЖБАРТтың комбинацияланған варианты ("коктейл") қолданылады: оның құрамына кем дегенде антиретровирусты агенттің екі типіне не санатына жататын, екі не одан да көп препарат болады.[158] Бастапқы кезеңде кері транскриптазаның нуклеозид емес ингибиторы (КТНЕИ) және кері транскриптазаның нуклеозид тәрізді ингибиторының (КТНИ) екі препараты тағайындалады. Қазақстанда қолданылатын КТНИ: абакавир (ABC), зидовудин (ZDV не AZT), ламивудин (3TC) немесе тенофовир (TDF).[159] 2019 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ересектерге арналған бірінші қатарлы препараттар тізіміне долутегравир / ламивудин / тенофовир, ал балама ретінде тенофовир / ламивудин / эфавиренц комбинациясын қосты.[160] Жоғарыда айтылған тәсіл тиімсіз болған кезде, емге протеаза ингибиторлары (ПИ) қосылады.[158]

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасында аурудың ағымы мен клиникалық сатысына, CD4 санына қарамастан (жүктілерге де) антиретровирусты терапия диагноз қойылған сәттен бастап жүргізіледі.[14][127][161] Бір басталған ем үзіліссіз және ешбір "демалыссыз" жүруі ұсынылады.[28] Көптеген адамдарға емдеу басталғаннан кейін ғана диагноз қойылады.[28] Емнен күтілетін нәтиже – ұзақ уақыт бойы АИВ РНҚсының санын 1 мл қанда 50 көшірмеден төмен көрсеткіште ұстап тұру.[28] Әдетте, ем тиімділігін терапия басталғаннан кейін төрт аптадан кейін аталған көрсеткішті анықтау арқылы бағалайды, егер 50 көшірме/мл деңгейіне жетсе, 3-6 ай сайын тексеріліп отырады. Бұл көрсеткіш 400 көшірме/мл болса, емнің тиімсіз екенін дәлелдейді[28] Зерттеулерге сүйенсек, осыған дейін ем қабылдағандардың 95% аталған критерийлер орындалған.[28]

Ем артықшылығы — ЖИТС дамуы мен өлім қаупінің төмендеуі.[162] Дамушы елдерде ем физикалық және психикалық денсаулықты жақсартады.[163] Ем жүргізетіндерде туберкулезге шалдығу қаупі 70% төмендейді.[158] Сондай-ақ емнің тағы бір артықшылығы — инфекцияның серіктесіне және анадан балаға берілуінің алдын алады[158][164] Емнің тиімді болуы тікелей қабылдаудың тұрақтылығы мен дұрыс болуына байланысты.[28] Ем режимін сақтамау себептеріне медициналық көмек көрсету төмендігі,[165] әлеуметтік көмектің жоғы, психика бұзылыстар мен нашақорлық жатады.[166] Ем тәсімінің күрделі (таблетка саны мен қабылдау жиілігі) әрі жанама әсердің болуынан адамдар ем жүргізуден бас тартып жатады.[167]

Таңдалған препаратқа қатысты арнайы жанама әсер болуы мүмкін.[168] Олардың ішінде ең жиі кездесетіндері: липодистрофия синдромы, дислипедемия, қант диабеті (әсіресе протеаза ингибиторларын қолданғанда).[24] Бұдан бөлек диарея[168][169] және жүрек-тамыр жүйесінің ауруларының жиілеуін жатқызуға болады.[170] Жаңадан ұсынылған препараттардың жанама әсері аз боп келеді[28] Кей дәрілердің тератогенді әсері болуы мүмкін, сол себепті бала жоспарлайтын әйелдер үшін ұсынылмайды.[28]

Балаларға арналған ем ұсыныстары ересектерге қарағанда біршама ерекшеленеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 5 жасқа дейінгі барлық балаларды емдеуді ұсынады; 5 жастан асқан балаларға ересектер сияқты қарайды.[171] Қазақстанда АИВ жұқтырған балалардың бәрін клиникалық сатысына, CD4 санына қарамастан емдеу ұсынылады.

Оппортунис инфекциялар

АИВ/ЖИТСке шалдыққан адамдардың көбінде оппортунис инфекциялардың алдын алу шараларын жүргізу нәтижелі болады. Антиретровирусты терапия негізгі ауруды емдеумен қатар, қосымша оппортунис инфекциялардың пайда болу қаупін де азайтады.[168] Туберкулезге шалдығу қаупі жоғары аймақта тұратын АИВ бар ересектер мен жасөспірімдер (АРТ қабылдаса да) белсенді туберкулез белгілері болмаса да, профилактика ретінде изониазидті тепария (ПИТ) жүргізгені дұрыс; ПИТ қажеттілігін туберкулинге терілік сынама жасап білуге болады.[172] АИВ жұқтыру қаупі жоғары адамдарға А және В вирусты гепатиттеріне қарсы вакцинаны жұқтырмас бұрын егу ұсынылады; инфекция жұқтырып қойғаннан кейін де берілсе болады.[173] Анасы АИВ–оң болған 4-6 апталық және ана сүтін ембейтін нәрестелерге профилактика ретінде ко-тримоксазол беру ұсынылады.[174] Сондай-ақ пневмоцист қоздыратын пневомнияның алдын алу шараларын ұйымдастыру ұсынылады. Ол CD4 саны 200 жасуша/uL деңгейінен төмен немесе осыған дейін осы ауруға шалдыққан адамдарда жүргізіледі.[175] Айқын иммунтапшылық анықталған адамдарда токсоплазмоздың алдын алу керек.[176] Аталған профилактика шараларын жүргізу – 1992 мен 1997 жылдар аралығында осы инфекциялардың даму қаупін 50% төмендеткен[177] Сонымен қатар АИВ анықталған адамдарға тұмауға қарсы және Пневмо–23 вакциналарын егу ұсынылады.[178][179]

Емдем

ДДСҰ АИВ/ЖИТС бар адамдардың тамақтануына қойылатын талаптарға қатысты ұсыныстар жариялаған.[180] Салауатты тамақтануға басымдылық беріледі. ДДСҰ АИВ анықталған ересектерге микроэлементттердің барлығына ортақ ұсынылған тәуліктік мөлшерін тұтынуды ұсынады; A витамині, мырыш пен темір АИВ бар ересектерде жанама әсер туғызатындықтан, аталған элементтердің тапшылығы расталмаса, тұтынбаған дұрыс.[180][181][182][183] Дұрыс тамақтанбайтын немесе толыққұнды диета ұстанбайтын АИВ жұқтырған адамдарға нутрициялық саплементация жүргізу иммунды жүйені нығайтуға және инфекциядан оңалуға көмектеседі; алайда жұқтырудың не өлімнің азаюына әсері анықталмаған.[184]

АИВ бар жүктілер мен емізуші әйелдердің диетасына мультивитаминдерді қосу анаға да балаға да бірдей оң әсер көрсетеді.[185] Бірақ тағам рационына мультивитаминдерді қосу – антиретровирусты терапия орнын баса алмайды[185] АИВ инфекциясы бар балаларда А дәрумені бар қоспалар өлім-жітімді азайтып, өсуді жақсартады деген бірнеше дәлелдемелер бар.[186]

Балама медицина

АҚШ-та АИВ бар адамдардың шамамен 60% ем тиімділігі дәленденбеген болса да[187], әртүрлі қосымша немесе балама медицина көмегіне жүгінеді,[188] Ем ретінде шөп дәрілерді қолдануды растайтын дәлелдер жеткіліксіз[189] Тәбет ашу мен саламақ қосуда медициналық каннабистің тиімділігі дәлелденбегендіктен, оны ұсыну және тұтынуды қолдау негізсіз.[190]

Болжам

2012 жылы миллионға шаққанда АИВ/ЖИТСтен өлгендер саны

Көптеген елдерде АИВ/ЖИТС бұрыңғыдай бірден өлімге әкелмейтін, созылмалы сипатқа ие ауру болды.[191] Ауру болжамы CD4 саны мен вирус титріне қарай әртүрлі болуы мүмкін.[27] Емсіз АИВ жұқтырған адам вирус түріне қарай шамамен 9-дан 11 жылға дейін өмір сүруі мүмкін.[5] ЖИТС диагнозы қойылғаннан кейін де ем жүргізілмесе, адам 6-19 ай ғана жасауы мүмкін.[192][193] ЖБАРТ және оппортунис инфекциялардың алдын алу – өлім-жітімді 80% төмендетеді және диагнозы жаңа қойылған жас адамның өмір сүру ұзақтығын 20-50 жасқа дейін арттырады.[191][194][195] Ем инфекцияның соңғы сатыларында басталса, болжам айтарлықтай жақсы болмайды:[28] мысалы, ем ЖИТС диагнозынан кейін басталса, өмір сүру ұзақтығы ~ 10–40 жыл.[28][191] Ем қабылдамаған нәрестелердің жартысы 2 жасқа толмастан қайтыс болады.[174]

2004 жылы 100 000 адамға шаққанда АИВ пен ЖИТСке қатысты мүгедектік алғандар саны

     дерексіз      ≤ 10      10–25      25–50      50–100

     100–500      500–1000      1,000–2,500      2,500–5,000      5,000–7500

     7,500–10,000      10,000–50,000      ≥ 50,000

АИВ/ЖИТСтен өлімнің басты себебі — оппортунис инфекциялар мен қатерлі ісік. Екеуі де иммунды жүйенің әлсіреуінен дамиды.[177][196] Қатерлі ісікке шалдығу қаупі CD4 саны 500/μL–ден төмен болғанда артады.[28] Клиникалық аурудың үдеу жылдамдығы әр адамда әр түрлі болатыны және оған адамның сезімталдығы мен иммунды жүйе қызметі;[197] медициналық көмекке қол жеткізе алуы, бірлескен инфекцияның болуы;[192][198] қоздырған вирустың штамы (не штамдары)[199][200] сияқты бірқатар факторлардың әсер ететіні дәлелденген.

Туберкулезбен бірлесе дамуы (ко-инфекция) АИВ/ЖИТСпен ауыратындар өлімінің негізгі себептерінің бірі, ол АИВ жұқтырған адамдардың үштен бірінде кездеседі және АИВқа қатысты өлімнің 25%-ын құрайды.[201] Сонымен қатар АИВ – туберкулез дамуына әкелетін маңызды қауіп факторларының бірі.[202] C гепатиті де ең жиі кездесетін ко-инфекциялардың бірі, олардың бірі екіншісінің дамуын үдетіп отырады.[203] АИВ/ЖИТСтен болған ең жиі кездесетін екі қатерлі ісік: Капоши саркомасы және Ходжкиндік емес лимфома.[196] Бұдан бөлек тік ішек обыры, Бөркит лимфомасы, орталық жүйке жүйесінің бастапқы лимфомасы мен жатыр мойны обыры да кездеседі.[28][204]

Ұзақ уақыт антиретровирусты терапия жүргізгеннің өзінде АИВ жұқтырған адамдарда нейрокогнитив бұзылыстар,[205] остеопороз,[206] нейропатия,[207] ісік,[208][209] нефропатия[210] мен жүрек-тамыр аурулары дамуы мүмкін.[169] Липодистрофия АИВ өзінен де АРТ нәтижесінде де дамуы мүмкін.[169]

Эпидемиология

     АИВ жұқтырып, өмір сүріп жатқандар саны     Жаңадан АИВ жұқтырғандар саны     АИВ/ЖИТСтен өлгендер саны[211]

АИВ/ЖИТС — жаһандық пандемия.[212] 2016 жыл дерегі бойынша әлемде шамамен 36.7 миллион адам АИВке шалдыққан, сол жылы жаңадан инфекция жұқтырғандар саны – 1.8 миллионға жуық.[213] 2001 жылы бұл көрсеткіш 3.1 миллион болған.[214] Жұқтырғандардың жартысынан сәл көбі – әйелдер, ал 2.1 миллионы – балалар.[213] 2016 жылы бұл сырқаттан 1 миллион адам қаза тапса, 2005 жылы бұл көрсеткіш 1.9 миллион болған.[213]

Ең көп инфекция жұқтырғандар Сахараның оңтүстігіндегі Африкада тұрады. 2010 жылы барлық АИВ жұқтырғандардың 68% (22.9 миллион) және барлық өлімнің 66% (1.2 миллион) осы аймақтан шыққан.[215] Бұл дегеніміз аймақтағы ересектердің шамамен 5%-ы АИВ жұқтырған[216] және бала өлімі себептерінің 10% осы ауруға тиесілі.[217] Басқа аймақтармен салыстырғанда бұл жердегі жұқтырғандардың 60% – әйел.[215]

Келесі ең көп жұқтырғандар тұратын аймақ – Оңтүстік және оңтүстік-шығыс Азияда; 2010 жылы бұл аймақта шамамен 4 миллион адам (барлық жұқтырғандардың 12%) АИВ жұқтырған, оның 250 000 қайтыс болған.[216] Шамамен 2.4 миллоны – Үндістаннан шыққан.[215]

Қазақстан

2019 жылғы қыркүйекте белгілі болған мәлімет бойынша Қазақстанда (орыс.) 24 289 (0,14%) адамның статусы оң деп анықталған (60% – ерлер), олардың 70%-ға жуығы (416 бала) ретровирустарға қарсы терапия қабылдайды. АИВ жұқтырғандардың басым бөлігі (71%) 20-39 жас аралығындағы еңбекке жарамды адамдар. Негізігі жұқтыру жолы – гетеросексуалдар арасындағы жыныстық қатынас (53,1%).[218]

Тарихы

Ашылуы

1981 жылы Morbidity and Mortality Weekly Report жинағында кейін "ЖИТС" деген атауға ие болатын дерт жайлы жарияланған.

ЖИТС алғаш рет 1981 жылғы 5 маусымда Құрама Штаттарда бес адамнан анықталған.[36][219] Олар Pneumocystis carinii қоздырған пневмонияға (ПП) және оппортунис инфекцияларына шалдыққан, көктамырына есірткі егетін, гомосексуал ерлер болған.[220] Кейін 28 гомосексуал ерде әдетте сирек кездесетін тері обыры – Капоши саркомасы (КС) анықталған.[221][222] Осыдан кейін де бірнеше адамда ПП мен КС анықталып, АҚШтың Ауруды бақылау және алдын алу орталықтары (CDC) аталған бұрқетпені зерттеп, бақылау үшін жұмыс тобын құрады.[223]

Алғашқы күндері бұл аурудың ресми атауы болмады, тек осы жағдайда дамитын ауру атауымен аталып жүрді, мәселен: лимфаденопатия, Капоши саркомасы және оппортунис инфекция[224]; Алғашқыда АИВ ашқан ғалымдар вирусты да лимфаденопатия тудыратын вирус деп атаған еді.[225][226] Кейінірек CDC бұл жағдайды "4Г дерті" (ағылш. the 4H disease) деп атай бастады, себебі бұл ауруға шалдыққандар Гаитиден шыққан, героин егетін, гомосексуал, гемофиликтер еді (ағылш. Haiti, homosexual, hemophilia, heroine)[227][228] Ал прессада гейлердегі иммунтапшылық (ағылш. Gay-related immune deficiency, GRID) терминін қолданылды.[229] Алайда кейінірек ЖИТСтің тек гей бірлестігінің өкілдерінде болмайтыны анықталып[224], GRID термині елді жаңылыстырмас үшін 1982 жылғы шілдеде болған жиында ЖИТС деп өзгертілді.[230] Сол жылы, қыркүйекте CDC бұл ауруды ресми түрде ЖИТС деп жариялады.[231]

1983 жылы америкалық вирусолог Роберт Галло және француз тергеушілері – Франсуаза Барре-Синусси мен Люк Монтанье басқарған екі зерттеушілер тобы бір-бірінен тәуелсіз ЖИТСті ретровирустың жаңа түрі қоздыруы мүмкін деген мәлімдеме жасады. Зерттеу нәтижесі сол жылы Science журналының 20 мамыр күні шыққан санында жарияланды.[232][233] Галло ЖИТСке шалдыққан адамнан алынған вирустың осыған дейін өзі басқаратын зерттеушілер тоб ашқан адамның Т-лимфотропты вирусына (ағылш. Human T-lymphotropic viruses, HTLVs) қатты ұқсайтынын мәлімдеген. Сол себепті оның тобы өздері ашқан вирусты HTLV-III деп атады. Дәл осы уақытта Монтанье тобы мойын лимфа түйіндерінің ұлғаюына және әлсіздікке (ЖИТСке тән екі белгі) шағымданып келген адамнан вирус бөліп алады. Галло тобының мәлімдемесіне қарамастан, Монтанье мен оның әріптестері бұл вирустың негізгі нәруыздары HTLV-I ақуыздарынан иммунологиялық жағынан ерекшеленетінін басып айтты. Монтанье тобы бөліп алған вирусын лимфаденопатия тудыратын вирус (ағылш. lymphadenopathy-associated virus, LAV) деп атады.[223] Кейін бұл екі вирус бірдей болғандықтан, 1986 жылы LAV пен HTLV-III атауы АИВ деп өзгертілді.[234]

Шығу тегі

Солдан оңға: Африкалық жасыл маймыл – МИВ көзі, ысты мангобей – АИВ-2 көзі және шимпанзе – АИВ-1 көзі.

АИВ-1 мен АИВ-2 де Батыс-орталық Африканы мекендейтін адамтәрізді приматтарда пайда болып, алғаш рет адамға XX ғасырдың басында берілген деген болжам бар.[18] АИВ-1 жабайы шимпанзелерге жұғатын маймылдың иммунтапшылық вирусының (SIV(cpz)) эволюциялануынан Камерунның оңтүстігінде пайда болуы мүмкін.[235][236] Ал АИВ-2 жақын туысы – Батыс Африка жағалауын (Сенегал оңтүстігінен Кот-д’Ивуар батысына дейін) мекендейтін ысты мангобейлерде (Cercocebus atys atys) болатын SIV(smm).[96] Үкі маймыл секілді кеңтанаулы маймылдардың геномында вирусқа резисентті екі түрлі ген болыды, сол екеуінің қосылып кетуіне байланысты аталған маймылдар АИВ-1 инфекциясына резистентті боп келеді.[237] АИВ-1 бірнеше рет түрленіп вирустың M, N және O типтеріне бастау берген.[238]

Жабайы аң айлайтындар не етін жеткізушілер МИВ жұқтырып алуы мүмкін деген дәлелдер бар.[239] Алайда МИВ әлсіз вирус болғандықтан, адамның иммунды жүйесі бірнеше апта ішінде жойып тастайды. Вирус АИВке айналуы үшін бір адамнан келесі бір адамға бірнеше рет берілуі тиіс.[240] Оның үстіне, адамнан адамға таралуы салыстырмалы түрде төмен болуына байланысты МИВ популяцияға тек бір не бірнеше жоғары қауіпті трансмиссия арналары болған кезде ғана тарала алады, ал XX ғасырға дейін Африкада бұндай арналар болмаған.

Қоғам мен мәдениет

Стигматизация

Райан Уайт – инфекция жұқтырғаны үшін мектептен қуылып, АИВке қарсы күрес символына айналған жасөспірім.[241]

ЖИТС стигмасы қоғамда әртүрлі түрде кездеседі: АИВ жұқтырған адамдарды қуғындау, шеттету, дискриминациялау, олардан қашқақтау; алдын ала келісімсіз АИВқа тексеру және құпиялық сақтамау; АИВ-инфекцияланған не солай деп санаған адамдарға қарсы зорлық-зомбылық; АИВ жұқтырған адамдарды карантинге жабу.[20] Көптеген адамдар стигмамен байланысты қатыгездік не зорлық-зомбылыққа ұшыраудан қорқып, АИВқа тексерілмейді, не нәтижесін білгісі келмейді, не ем қабылдамайды. Осының салдарынан олар басқаруға келетін созылмалы ауруды өлім жазасына айналдырып, АИВ-тың одан әрі таралуына жол ашады.[242]

ЖИТСке қатысты стигмаларды келесі үш топқа бөлуге болады:

  • Құрал стигмасы – кез-келген өлім не жұқпалы ауру алдындағы қорқыныштан туатын стигма.[243]
  • Символ стигмасы – осы ауруға жиі шалдығады деп санап, кей әлеуметтік топтар мен өмір салтына (гомосексуалдылық, секс-қызметкерлер, т.б.) деген көзқарасын білдіру үшін АИВ/ЖИТСті қолдану.[243]
  • Әдеп стигмасы – АИВ/ЖИТС мәселесі не АИВ–оң адамдармен жұмыс істейтін не қандай да бір қатысы бар тұлғаларды стигмалау.[244]

Көбіне ЖИТС-стигмасы басқа да стигма түрлерімен қатар жүреді, атап айтқанда: гомосексуалдық, бисексуалдық, промискуитет, жезөкшелік, тамырішілік есірткі қолдану – ЖИТСпен байланыстырылады.[245]

Көптеген дамыған елдерде, ЖИТС пен гомосексуалдық не бисексуалдық арасында жақындық байқалады, бұл, әрине, аталған топтарға қарсы теріс пікірлердің көп болуына байланысты.[246] Оған қоса, ЖИТС көп жағдайда, кез келген, тіпті сау ер мен ер арасындағы секспен байланыстырылады.[243] Дегенмен, АИВтың әлем бойынша негізі таралу жолы гетеросексуал секс болып табылады.[247]

2003 жылы неке мен халық заңнамасын толық реформалау аясында Қытайда ЖИТСпен ауыратын адамдарға неке қиюға рұқсат етілді.[248]

2013 жылы АҚШ Ұлттық Медицина Кітапханасы Төзу мен өркендеу: ЖИТС, саясат пен мәдениет атты жылжымалы көрме өткізді;[249] онда жаңа ғылыми зерттеу нәтижелері, АҚШ билігінің жауабы, ЖИТСпен ауыратын адамдардың, күтушілердің, белсенділердің жеке басынан өткен оқиғалары айтылды.[250]

Экономикаға ықпалы

Кей Африка елдеріндегі өмір сүру ұзақтығының өзгеруі, 1960–2012

АИВ/ЖИТС тек жеке тұлғалардың емес, мемлекеттердің де экономикасына әсер етуде.[217] Ең көп зардап шеккен елдердің жалпы ішкі өнімі адами капитал жетіспеуіне байланысты төмендеді.[217][251] Дұрыс тамақтанудың және медицина мен дәрі дәрімектердің жетіспеушілігінен көптеген адамдар ЖИТС асқынауынан көз жұмады. Өлім алдында, олар жұмыс істеуге қабілетсіз, әрі айтарлықтай медициналық көмекті қажет етеді. 2007 жылға қарай ЖИТС салдарынан 12 миллион адам жетім қалған (ЖИТС жетімдері).[217] Олардың көбі қарт ата-әжелерінің қолында өседі.[252]

АИВ/ЖИТС емін бастағаннан кейін жұмысқа қайтып оралу қиын және науқастар көп жағдайда басқа жұмысшыларға қарағанда азырақ жұмыс істейді. АИВ/ЖИТСі бар жұмыссыз адамдардың көбінде суицид жасау ойы, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, қоғамнан шеттетілу секілді психикалық ауытқулар болады. Жұмыспен қамтылу АИВ/ЖИТСке шалдыққан адамдардың өзін-өзі бағалауын, ар-намысын, сенімділігі мен тұрмыс сапасын арттырады. Антиретровирусты терапия да АИВ/ЖИТСпен ауыратын адамдардың көбірек жұмыс істеуіне септесіп, олардың жұмысқа тұру ықтималдығын арттырады (дәлелділік деңгейі төмен).[253]

ЖИТСке негізінен жас ересектер шалдығатындықтан, салық төлейтін халық саны кемиді, бұл өз кезегінде ЖИТСқа қатысы жоқ білім және денсаулық сақтау аясындағы мемлекеттік шығынды өтейтін ресурстың азаюына алып келеді. Осылайша мемлекет қаржысына қысым күшейіп, экономика өсімі баяулайды. Бұл салық базасының өсуінің баяулауына әкеліп соғады, ал науқас еміне, жаңа жұмыскерлерді үйретуге (науқастардың орнына алу үшін), сырқат төлемақысына және ЖИТС жетімдерін асырауға кететін шығындардың өсуі – бұл әсерді одан әрі күшейтеді. Бұл әсіресе ересектер өлімі күрт артып, жетім балалар үкімет қамқорлығына алынғанда айқын көрінеді.[252]

Бір үй ішінде де ЖИТС табыстың азаюына және емге кететін шығынның өсуіне әкеледі. Кот-д'Ивуардағы зерттеу көрсеткендей, АИВ/ЖИТСке шалдыққан науқасы бар отбасылар басқа отбасылармен салыстырғанда дәрі-дәрімекке екі есе көп ақша жұмсайды. Бұл шығын білім алуға және басқа да жеке немесе отбасылық инвестицияларға жұмсалатын қаржы мөлшерін азайтады.[254]

Дін мен ЖИТС

Соңғы жиырма жыл ішінде дін мен ЖИТС тақырыбы өте даулы мәселеге айналды, бұның басты себебі — кей діни бірлестіктердің қорғану үшін мүшеқап қолдануға қарсы екенін ашық айтуында.[255][256] Америкалық денсаулық сақтау саласының маманы Мэтью Хэнлидің «Католик шіркеуі мен ЖИТСтің жаһандық дағдарысы» атты баяндамасында діндегі ЖИТСке қарсы күрестің басты тәсілі — мәдениет пен қоғам санасын өзгерту, әсіресе неке мен жыныстық қатынастағы адалдыққа баса назар аудару.[256]

Кейбір діни ұйымдар құдайға сиынып, дұға қылу АИВ/ЖИТСті емдей алады деп мәлімдеген. 2011 жылы BBC Лондондағы кейбір шіркеулердің дұға ЖИТСті емдейді деген мәлімдемесін жариялаған, ал Хакниде орналасқан Жыныстық денсаулық пен АИВ зерттеу орталығы бірнеше адамның пастор кеңесіне еріп, дәрі-дәрмек ішуден бас тартқанын, салдарынан бірнеше адамның қайтыс болғанын мәлімдеді.[257] «Күллі Ұлттың Шіркеуі – Синагога» деп аталатын ұйым құдайдан келген емді насихаттау үшін «сылауға арналған суды» жарнамалады. Дегенмен бұл ұйым адамдарға дәрі-дәрмек ішуді доғаруға кеңес бермегенін айтады.[257]

Медиадағы көрінісі

ЖИТС салдарынан әл үстінде жатқан Девид Көрбидің ең танымал суреті, жанында әкесі, анасы мен жиен қарындасы.

Алғашқылардың бірі боп Рок Хадсонның ЖИТСке шалдыққаны жайлы жаңалық медиада біраз шу шығарды. Рок кезінде отбасын құрып, бірақ көп ұзамай ажырасқан, Америкалық гей актер еді. Ол 1985 жылғы 25 шілдеде АИВ жұқтырғанын көпшілікке жариялап, сол жылы, 2 қазанда көз жұмған. Актерге ЖИТС диагнозы 1984 жылы қойылған еді.[258] Дәл сол жылы марқұм Энтони Иденнің ұлы, гей саясаткер Николас Иден де Британияның танымал ЖИТС құрбанына айналды.[259] 1991 жылғы 24 қарашад вирус британ рок жұлдызы, Queen тобының жетекші әншісі Фредди Меркьюридің өмірін үзді, ол өлер алдында ғана анықталған ЖИТСтен болған аурудан қайтыс болды.[260] Дегенмен оның АИВ статусы оң екені 1987 жылы белгілі болған еді. Алғаш вирус жұқтырған танымал гетеросексуалдардың бірі – америкалық теннисші Артур Эш болды. Оған АИВ–оң диагнозы 1988 жылғы 31 тамызда қойылған. Кейін 1980 жылдар басында жүрекке жасалған операцияда қан құйылғанда вирус жұқтырғаны белгілі болды. Диагноз қойылғаннан кейінгі жүргізілген зерттеу нәтижесінде оның ЖИТСке шалдыққаны белгілі болды, алайда ол бұл туралы көпшілікке тек 1992 жылғы сәуірде жариялады.[261] Ол 1993 жылғы 6 ақпанда, 49 жасында қайтыс болды.[262]

1990 жылғы сәуірде Тереза Фрар отбасысының жанында, ЖИТС салдарынан әл үстінде жатқан гей белсенді Девид Көрбидің суретін түсіреді. Кейін бұл суретті Life журналы "АИВ/ЖИТС эпидемиясының ең шынайы келбетін сипаттайды" деп жариялайды.[263]

Жаңсақ түсініктер

АИВ пен ЖИТС жайлы жаңсақ түсініктер өте көп. Ең жиі кездесетіндері: ЖИТС күнделікті қарым-қатынаста беріледі, пәк қызбен жыныстық қатынасқа түсу ЖИТСті емдейді,[264][265][266] және АИВ тек гейлер мен нашақорларға жұғады. 2014 жылғы зерттеулерге сүйенсек кей британ бірлестіктері АИВ өбіскенде (16%), ортақ ыдыс қолданғанда (5%), түкірік арқылы (16%), қоғамдық дәретханаға отырғанда (4%) және түшкіргенде не жөтелгенде (5%) таралады деп ойлайды екен.[267] Бұдан бөлек вирус жұқтырмаған кез келген екі гей анал сексімен айналысса, АИВ жұқтыруы мүмкін немесе мектепте АИВ және гомосексуалдық жайлы ашық талқыланатын болса, ЖИТСке шалдығу көрсеткіші артады деген жаңасақ түсініктер де бар.[268][269]

Кей адамдар АИВ пен ЖИТС арасындағы байланыстың жоқ екенін,[270] тіпті тіршілікте АИВтің болмайтынан немесе АИВ анықтау және емдеу тәсілдерінің негізсіз екен алға тартады.[271][272] Бұл пікірлерді ғалымдар ЖИТС дениализм деп атап, тұжырымдарын жоққа шығарған.[273] Дегенмен АИВ диссиденттердің айтарлықтай саяси ықпалға ие болды, мәселен, 1999–2005 аралығында Оңтүстік Африка үкіметі ЖИТС дениализм бағытын насихаттаған, осылайша елде өлім-жітім көрсеткіші атып, халық үкіметті кінәлады.[274][275][276]

Кей конспирологияларға сәйкес АИВті ғалымдар әдейі не абайсызда қолдан жасаған деп тұжырымдалады. Кеңес Одағы жүргізген «Инфекция» операциясының мақсаты "АИВ/ЖИТСті америка ғалымдары ойлап тапқан" деген дезинформацияны тарату болған. Сауалнамалар нәтижесіне сенсек, көптеген адамдар осы сыңды пікірлерге сенген әрі сеніп келеді.[277]

Зерттеу

АИВ/ЖИТС зерттеулері деп АИВ/ЖИТС алдын алуға, емдеуге және жазып шығуға бағытталған барлық медициналық зерттеулер мен инфекция қоздырушы агент ретінде АИВ табиғатын жене АИВ қоздыратын ЖИТС дерті жайлы іргелі зерттеулерді айтамыз.

Көптеген елдер мен зерттеу институттары АИВ/ЖИТС зерттеулеріне өз үлесін қосуда. Мысалы, жыныстық сауатты арттыру, дәрілік заттар жасап шығару, жыныс жолдары арқылы берілетін ауру қоздырғышына қарсы микробицидтер шығару, АИВ вакцинасын жасау және жаңа антиретровирусты дәрі ойлап табу. Басқа зерттеу жұмыстары жұқтыруға дейінгі және кейінгі профилактикаға және сүндеттеудің АИВ жұқпасындағы маңызын анықтауға бағытталған[278][279][280]

Дереккөздер

Сыртқы сілтемелер

Ортаққорда бұған қатысты медиа санаты бар: AIDS